Ауа райы
Астана -21 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2019 жылдың 29 қыркүйек 2019 11:51

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осы аптада министрліктер мен өңірлердегі әкімдікте бірқатар ауыс-түйістер болды. ҚазАқпарат әдеттегідей апта ішінде болған тағайындауларға шолуын ұсынады.

ҚР Үкіметінің қаулысымен Ерлан Мұратұлы Әукенов Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Ерлан Әукенов 1984 жылы 5 қыркүйекте Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Бредфорд университетін, Халықаралық бизнес академиясын, Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебін тәмамдаған. Әр жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінде, «XXI ғасыр көшбасшысы» жастар орталығы» РҚБ, «Қазақстан жастарының конгресі» ЗТБ, «Самғау» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингi» АҚ еңбек еткен.2010-2011 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары. 2011-2014 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы. 2014-2015 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2015-2019 жылдары Алматы қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды, әлеуметтік әл-ауқат мәселесі бойынша жетекшілік еткен.

***

Бұл апатада Өркен Серікқалиұлы Бисақаев Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Өркен Бисақаев 1977 жылы 24 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техника университетін, Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік университетін тәмамдаған. Түрлі жылдары коммерциялық секторда жұмыс істеген.

2007-2010 жылдары Маңғыстау облысының әкімі аппаратының ұйымдастырушылық-бақылау бөлімінің меңгерушісі, бас инспекторы қызметін атқарған. 2010-2012 жылдары — Ақтау қаласы әкімінің орынбасары. 2012-2017 жылдары — Маңғыстау облысы жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы. 2016-2017 жылдары Ақтау қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған.

2017-2018 жылдары Маңғыстау облысының Туризм басқармасын басқарған. 2018-2019 жылдары — Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары. 2019 жылғы мамырдан бастап «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарған.

***

Гүлжахан Бимендина ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрайымы болып тағайындалды.

Г. Бимендина 1969 жылы 15 қазанда дүниеге келген. 1996 жылы Мәскеу қаласында Мемлекеттік жерге орналастыру университетін тәмамдаған.Еңбек жолын 1996 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық жер қатынастары және жерге орналастыру комитетінің құрылымында бастады. Бас маман, жерге орналастыру инженері, аудандық комитет төрағасы, бөлім бастығы, облыстық комитет төрағасының орынбасары, басқарма бастығы, инспекция бастығының орынбасары, инспекция бастығы лауазымдарын атқарды. 2012 жылы ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды. 2013-2014 жылдары — Өңірлік даму министрлігінің Жер қатынастары және геодезия саласындағы реттеу департаментінің директоры. 2014-2016 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының орынбасары болды. 2016 жылдың маусымынан қазірге дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.

***

Аптаның ортасында Мұхтар Наурызбайұлы Манкеев ҚР Президенті Әкімшілігі келісімімен және БҚО әкімінің өкімімен облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

М.Н.Манкеев – 1984 жылы дүниеге келген, білімі жоғары, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін «инженер», «экономика», Финляндия Республикасында Оулу университетін «бизнес әкімшілеу магистрі» мамандықтары бойынша бітірген.

Әр жылдары «Жасыл ел» Батыс Қазақстан облыстық филиалы жетекшісі, «Жасыл ел» республикалық штабының жетекшісі, «Самғау» ұлттық холдингі» АҚ менеджері, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Инжиниринг және жаңа технологиялар трансферті орталығының департамент директоры, «Астана Innovations» АҚ басқарушы директоры – басқарма мүшесі, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Күні бүгінге дейін «Фин Бизнес Хабы» компаниясының директоры, «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы болды. Ол кәсіпкерлік, өнеркәсіп және инвестициялар, ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер қатынастары, туризм мәселеріне жетекшілік ететін болады.

***

Сондай-ақ «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында көрсетілген меритократия қағидасына сәйкес Серік Рахметоллаұлы Егізбаев ҚР Президенті Әкімшілігі келісімімен және БҚО әкімінің өкімімен облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

С.Р.Егізбаев 1963 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын «агроном», Қазақ мемлекеттік заң академиясын «заңгер» мамандықтары және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Серік Рахметоллаұлы әр жылдары БҚО әкімі аппараты бөлімінің бас инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, ҚР Қаржы министрлігі департаментінің бөлім бастығы, ҚР Премьер-Министрінің кеңсесі әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің бас инспекторы, ұйымдастыру-инспекторлық және аумақтық даму бөлімінің бас инспекторы болды. Сондай-ақ ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, ҚР ауыл шаруашылығының вице-министрі қызметін атқарды.

С.Егізбаев ішкі саясат, білім, жастар саясаты, мәдениет, дін істері, тілдерді дамыту салаларына жетекшілік ететін болады.

***

Осы аптаның аяғында Арқалық қаласының әкімі болып Қайрат Әбішев тағайындалды .

Қайрат Тынымбайұлы 1969 жылы Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Тимофеевка селосында дүниеге келген. Ол бұған дейін Қостанай облысы Ұзынкөл ауданының әкімі қызметін атқарды.

***

Қостанай облысы Ұзынкөл ауданының әкімі болып Талғатбек Дайыров тағайындалды.

Талғатбек Сапабекұлы 1959 жылы Қостанай облысы Боровской ауданы Чернышевка селосында дүниеге келген. Бұған дейін Қостанай облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы мекемесінің басшысы қызметінде болды. Сонымен қатар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қостанай филиалының директоры, Қостанай астық компаниясының директоры қызметтерін атқарды.

***

Қостанай облысы Мендіқара ауданының әкімі болып Нұрлан Қатарбеков тағайындалды.

Нұрлан Қатарбеков 1981 жылы Қостанай облысы Қостанай қаласында дүниеге келген. Ол бұған дейін облыс әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметін атқарды.

***

Солтүстік Қазақстанда облыс әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына басшы болып 53 жастағы Марат Ескендіров келді.

М.Ескендіров Солтүстік Қазақстан облысы Сергеев ауданы, Криовощекова ауылында туған. Қостанай ауыл шаруашылығы институтын және А.Байтұрсынов атындағы Қостанай Мемлекеттік университетін бітірген. Мамандығы «Ауыл шаруашылығы өндірісінің экономист-ұйымдастырушысы», «Заңгер».

Әртүрлі жылдарда Қостанай облысы бойынша салық комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы, бөлім бастығы, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Салық комитетінің төрағасы, Екібастұз, Павлодар қалалық салық басқармаларының бастығы қызметтерін атқарды. Сондай-ақ Қостанай облыстық Салық департаменті басшысының орынбасары, Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру басқармасының жетекшісі болған.

2018 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы әкімі аппаратында қызмет етті. Бүгінгі күнге дейін осы аудан әкімінің экономика және қаржы салаларындағы жедел мәселелер бойынша орынбасары қызметін атқарды.

***

Арсен Жанғасқанов Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Арсен Жанғасқанов 1971 жылы 14 ақпанда Қарағанды облысының Шахтинск қаласында туған.

Академик О.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған тау-кен-технология институтын автокөлік және автомобиль жолдары шаруашылығы (1993), Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетін бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша (2007) тәмәмдаған.

Арсен Жанғасқанов еңбек жолын 1993 жылы Жезқазған қалалық әкімшілігінің көмекшісі болып бастаған. Әр жылдары түрлі қызметтерде істеген. 2014 жылдың шілдесінен «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК» АҚ экономика және қаржы бойынша вице-президенті болды. 2015 жылы жеке құрылымда еңбек етті.

***

Алматының цифрландыру басқармасына Баян Қоңырбаев басшы болып тағайындалды.

Баян Қоңырбаев 1986 жылы 27 тамызда туған. 2008 жылы Алматының энергетика және байланыс университетін бітірген. Ол — Цинхуа университеті (Қытай), Швейцарияның бизнес академиясы (Швейцария), Массачусетc технология институты (АҚШ) сынды шетелдік жоғары оқу орындарының түлегі.

Еңбек жолын 2009 жылы «Сұңқар» медициналық компаниясының Қытайдағы өкілі болып бастаған. Әр жылдары ҚХР, АҚШ компанияларында жұмыс істеген.

2018 жылдың маусымынан қазан айына дейін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Сату департаментінің бас менеджері қызметін атқарған.

2018 жылдың қазанынан жаңа тағайындауға дейін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Бизнес трансформациясы департаментінің директоры лауазымында болған.

***

Азамат Данияр «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабы» жеке мекемесінің жетекшісі болып тағайындалды.

Азамат Данияр 1996 жылы 17 наурызда туған, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін экономика және бизнес мамандығы бойынша тәмамдады. Жастар саясатында айтарлықтай тәжірибесі бар. Еңбек жолын «Жас Отан» Жастар қанаты Астана қалалық филиалында бастап, 2016-2018 жылдар аралығында Қазақстан жастары конгресінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеп, 2019 жылдың басынан «Жасыл ел» ЖЕЖ Республикалық штабы жетекші орынбасарының қызметін атқарды.

Бұрын бұл лауазымды атқарған Әсем Мадекешова «Қазақстан жастарының конгресі» ЗТБ атқарушы директорының орынбасары қызметіне ауысты.

Жоғары қарай