Ауа райы
Астана -21 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2019 жылдың 13 қазан 2019 12:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соңғы жеті күн алдыңғы апталардай тағайындауларсыз өткен жоқ. Бірқатар әкімдік пен министрлікте, құқыққорғау органдарында кадрлық ауыс-түйістер болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Апта басында ҚР Премьер-Министрінің Өкімімен Асқар Серікжанұлы Жәкенов ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі Басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды. Асқар Жәкенов 1975 жылы 13 қыркүйекте Қарағанды қаласында туған. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін және «Қайнар» университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1998 жылы Қарағанды қаласындағы «Каргормаш-ИТЭКС» ЖТАҚ-да бастады.

1999 жылы ҚР Әділет министрлігіне жұмысқа қабылданып, онда жетекші маманнан бастап басқарма басшысына дейін қызмет еткен. 2004 - 2012 жылдар аралығында ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің заң бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып еңбек етті. 2012 - 2013 жылдар аралығында ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің заңнама, қорғаныс және құқықтық тәртіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2013 жылғы тамыздан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі болды.

Осы аптадай сондай-ақ, «Saryarqa Аqparat» медиахолдингінің директорлығына Олжас Беркінбаев келді. Ол 1991 жылы 19 қарашада дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар: 2013 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «тарихшы» мамандығы бойынша бітірген. 2015 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «заңгер» мамандығы бойынша диплом алды. 2016 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде саяси ғылымдар магистрі дәрежесін алған.

Олжас Беркінбаев еңбек жолын 2012 жылы «ҚР Ішкі істер органдарының Медиа орталығы» компаниясының «Сақшы» газетінде тілші болып бастаған. 2013 жылы Президенттің көмекшісі, «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ жетекші сарапшысы болды.

2019 жылдың мамыр айынан қазіргі уақытқа дейін «ҚР Тұңғыш Президентінің кітапханасы» ММ баспасөз қызметінің аға сарапшысы міндетін атқарған.

7 қазанда Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы ауысты.

«ҚР Ішкі істер министрінің «Құқық қорғау қызметі туралы» 30.09.2019 жылғы №531 бұйрығымен Екібастұз қаласының полиция басқармасының бастығы қызметіне Василий Скляр (бұған дейін Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығы) тағайындалды», - деп хабарлады Павлодар облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Ал Ақмола облысында өтіп бара жатқан аптада Ерлан Қыздарбекұлы Мұхамендин Шортанды ауданы әкімінің міндетін атқарушы болып тағайындалды. Ерлан Қыздарбекұлы 1980 жылы туған. 2000 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «экономика», 2006 жылы «Фемида» заң академиясын «заңгер» мамандықтары бойынша тәмәмдаған. 2017 жылы елордадағы «Қаржы академиясында» экономика және бизнес магистрі академиялық дәрежесін алды.

Еңбек жолын 2002 жылы Шортанды ауданы бойынша салық органында әртүрлі лауазымда қызмет етуден бастады. 2006 жылы Шортанды аудандық кәсіпкерлік бөлімінде бас маман, 2007 жылы басшысы болды. 2009 жылдың қаңтары мен 2012 жылдың тамызы аралығында Шортанды ауданы әкімінің аппарат басшысы қызметін атқарды. 2012 жылдың тамызынан Шортанды ауданы әкімінің орынбасары лауазымында болды.

Мемлекет басшысының Өкімімен Ғабит Жақыпбайұлы Байжанов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – Сыртқы барлау қызметінің директоры қызметіне тағайындалды.

Ғабит Жақыпбайұлы Байжанов 1963 жылы 1 қарашада дүниеге келген. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Барлау» қызметі директорының орынбасары (2007); «Сырбар» сыртқы барлау қызметі директорының бірінші орынбасары (2009-2015); «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры (2015-2018). 2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы болды. 2019 жылғы ақпаннан бері «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры қызметін атқарған.

Сонымен бірге, Айдар Өтенов Елбасы көмекшісі хатшылығының меңгерушісі болып тағайындалды.

Айдар Өтенов 1983 жылы 13 қыркүйекте Қарағанды қаласында туған. 2004 жылы «Заңгер» мамандығы бойынша Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. 2010 жылы «Есеп және аудит бакалавры» мамандығы бойынша Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін бітірген. Еңбек жолын 2004 жылы Астана қаласындағы «Континент-строй» ЖШС-де заңгер болып бастаған.

2019 жылдың сәуірінен бастап осы күнге дейін ҚР ПІБ «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» ММ басшысының орынбасары қызметін атқарып келді. Айта кетейік, хатшылықты осы уақытқа дейін басқарып келген Елдар Томашов басқа қызметке ауысуына байланысты жұмысынан босатылды.

Белгілі қазақстандық бизнесмен Кеңес Рақышев Қазақстан бокс федерациясының президенті болып сайланды.

«Ұлттық Олимпиадалық комитеттің президенті ретінде бокстың дамуына үлесімді қоса беремін. Алға қойған міндеттерді орындап келеміз. Алдағы уақытта да солай боларына сенемін. Өз орныма Кеңес Рақышевты ұсынамын», - деді Тимур Құлыбаев елордада өткен Қазақстан бокс федерациясының отырысында. Федерация мүшелерінің барлығы оның кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева Сот төрелігі академиясының профессор-оқытушылар құрамына жаңа ректорды таныстырды. Заң ғылымдарының кандидаты, профессор Зәуреш Баймолдина ректор болды. Зәуреш Хамитқызы Баймолдина 1985-1994 жылдары - Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, заң факультеті деканының орынбасары; 1994-1996 жылдары - Әділет министрлігі Экономикалық заңнама бөлімінің бастығы, Заңды тұлғаларды тіркеу басқармасының, Бас басқармасының бастығы; 1996-2005 жылдары - Қазақ мемлекеттік заң институтының кафедра меңгерушісі, кәсіпкерлік және құқық факультетінің деканы, доценті, профессоры; 2005-2006 жылдары - Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бастығы, Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары; 2006-2008 жылдары - Президент Әкімшілігінің Құқық қорғау және сот жүйелері бөлімінің бас сарапшысы, бас инспекторы; 2008-2012 жылдары - Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқық бөлімінің инспекторы; 2012-2017 жылдары - Әділет министрінің орынбасары; 2017 жылғы желтоқсаннан бастап қазіргі уақытқа дейін Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болып жұмыс істеді.

Сондай-ақ, кеше Қанат Сәрсембаев ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы болып тағайыдалғаны хабарланды.

Қанат Маратұлы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін халықаралық құқық, заңгер мамандықтары бойынша екі шет тілінде тәмамдаған, заң ғылымының кандидаты. Еңбек жолын 1998 жылдан «Дәнекер» халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтының заңгері, қызметінен бастады. 2000 - 2002 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кірістер министрлігінің Заң департаменті құқықтық сараптама басқармасының бөлімінде бас маман болып еңбек етті. 2002 - 2005 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігінің Заң шығару және құқықтық сараптама бөлімінің бас сарапшысы. 2005 - 2011 жылдары ҚР Конституциялық Кеңесі құқықтық сараптама бөлімінің меңгерушісі болды. 2011 - 2015 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметіне тағайындалды. 2015 – 2017 жылдар аралығында Қостанай облысы Ұзынкөл ауданының әкімі лауазымын атқарды. 2017 жылдың қазанынан Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппаратын басқарды.

Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Тағайындау,
Жоғары қарай