Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

2019 жылдың 27 қазан 2019 12:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде Қазақстан Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары тағайындалып, Мемлекет басшысының жаңа кеңесшісі қызметіне кірісті. Мұнан бөлек өңірлерде де бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алған болатын. ҚазАқпарат апта ішіндегі осы және өзге де тағайындауларды оқырман назарына ұсынады.

ҚР Президені Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ержан Нұрланұлы Жиенбаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып тағайындалды.

Ержан Жиенбаев 1981 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2002-2005 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің жүйесінде еңбек еткен. 2005 жылдан бастап ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің құрылымында жұмыс істеді. Аға сарапшы, бас сарапшы, бас кеңесші, сектор меңгерушісі, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Заң бөлімінің меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2012-2013 жылдары — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Заңнама, қорғаныс және құқықтық тәртіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Заң бөлімінің меңгерушісі болған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Әлия Ғалымжанқызы Рақышева басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметінен босатылды. Сондай-ақ Қ.Тоқаевтың Өкімімен Ә.Рақышева Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

Әлия Ғалымжанқызы Рақышева 1980 жылы Алматы қаласында туған. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. 2001-2002 жылдары – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Халықаралық құқық және протокол департаменті, Халықаралық құқық және мемлекеттік мүліктік құқықтарды қорғау департаменті, Заңнамалық департаментінің жетекші маманы. 2002-2005 жылдары – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Заңнамалық департаменті заң жобаларын сараптау және дайындау басқармасының бөлім бастығы, Заң жобалары қызметін үйлестіру, заңнаманы жүйеге келтіру департаментінің бөлім бастығы, Заңнамалық департаментінің бөлім бастығы, одан кейін басқарма бастығы. 2005-2007 жылдары – Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы аппараты заң бөлімінің консультанты, меңгерушісі. 2007-2013 жылдары – Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы әкімшілік басқармасының бастығы – аппарат басшысы. 2013-2018 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі. 2018 жылғы сәуірде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып тағайындалған. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

ҚР Премьер-Министрінің және ҚР Президент Әкімшілігінің Басшысының келісімімен Жұмаділдаев Әнуар Серқұлұлы ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.

Әнуар Жұмаділдаев 22 қыркүйекте Қызылорда облысында туған. Патрис Лумумба атындағы халықтар достығы университеті мен Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетін бітірген. 2005 жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша Салық комитетінің төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 2008 жылы ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитетінің Алкоголь, темекі және акциздеуге жататын басқа да өнімдерді әкімшілендіру басқармасының бастығы болып еңбек етті. 2009 жылы ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 2012 жылы ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы лауазымына ауыстырылды. Әр жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетін және Қаржылық бақылау комитетін басқарды. 2017 жылдың қаңтар айынан 2019 жылдың сәуір айы аралығында ҚР Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен Түркістан облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы болып Нұрлан Мархабатұлы Байғұт тағайындалды.

Нұрлан Мархабатұлы 1974 жылы 21 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында туған, білімі жоғары, біліктілігі инженер-экономист. Еңбек жолын 1997 жылы Шымкент қаласы бойынша салық комитеті жеке тұлғаларға салық салу бөлімінің салық инспекторы болып бастаған.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және СҚО әкімінің өкіміммен Олжас Нұрланұлы Ыдырысов Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды.

Олжас Ыдырысов 1985 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде және Іс Басқармасы жүйесінде жұмыс істеді. Бүгінгі тағайындауға дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет етті.

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Ақмола облысы әкімі Ермек Маржықпаевтың өкімімен Алтынай Байқадамқызы Әміренова облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Алтынай Байқадамқызы 1973 жылы 23 маусымда Қарағанды облысында туған. 1996 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетін филолог, орыс тілі және әдебиетінің мұғалімі, 2008 жылы Көкшетау экономика және менеджмент институтын мемлекеттік басқару бакалавры бойынша тәмәмдаған. Еңбек жолын 1990 Қарағанды мемлекеттік медициналық интситутында бастаған. 1997-2000 жылдары Қарағанды облысының Қарой орта мектебінде, Нұр-Сұлтан қаласындағы №8 орта мектепте мұғалім болып еңбек етті. 2003 жылы Степногорск қаласы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінде бас маман ретінде мемлекеттік қызметке орналасты. Кейін еркін-талдау және ішкі саясат бөлімдерінің басшысы лауазымында болды. 2008 - 2012 жылдары Көкшетау қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы, 2012 жылдан бастап оы жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет істеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі және аудандық мәслихаттың келісімі бойынша Ғайдар Қабдоллаұлы Қасенов Ақмола облысы Шортанды ауданының әкімі болып тағайындалды.

Ғайдар Қасенов 1976 жылы туған. Ақмола облысы Атбасар ауданының тумасы. С.Сейфуллин атындағы аграрлық университетті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін, Халықаралық Бизнес Академиясын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1998 жылы Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің аппаратында бас маман болып бастады. 2001-2006 жылдары коммерциялық құрылымдарда басшылық лауазымдарды атқарды. 2006-2008 жылдары Астана қаласы Алматы ауданы әкімі орынбасары, одан кейін әкім лауазымдарында қызмет атқарды. 2008-2015 жылдары – «Қазтеміртранс» АҚ корпоративтік даму жөніндегі вице-президенті. Осы күнге дейін Нұр-Сұлтан қалалық «Nur Otan» партиясы Алматы аудандық филиалы төрағасының орынбасары болды.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-қа жаңа басшы келді. Корпорацияның Директорлар кеңесінің шешімімен «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы болып Қанат Қарауылов сайланды.

Қанат Серікұлы 1971 жылы 16 ақпанда туған. Қазақ тұтыну кооперациясы институтын «Қаржы және несие» мамандығы бойынша және РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының магистратурасын «Мемлекеттік және муниципалдық басқару» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1999 жылы бастаған. «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымдарында («Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ, «ҚазАгроКепіл» АҚ) басшылық және басқарушылық лауазымдарында, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарда жұмыс істеді. Жаңа тағайындауға дейін «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ Басқарушы директоры - Басқарма мүшесі болды.

«Жас өркен» ЖШС біріктіру арқылы қайта құрылған «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры болып Шәмшідин Пәттеев тағайындалды.

Шәмшідин Әшенқожаұлы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, баспасөз саласында елімізге белгілі кәсіби менеджер.Серіктестік баспасөз саласын, оның ішінде, балалар баспасөзін дамытуда үлкен еңбек атқарып келеді.

«Egemen Qazaqstan» газетінің Алматы қаласындағы редакциясының басшысы лауазымына Жүсіпбек Қорғасбек тағайындалды.

Жүсіпбек Нұрақынұлы елімізге белгілі журналист, еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінен бастап, «Қазақ әдебиеті», «Жас алаш» басылымдарында еңбек еткен. 2008 жылдан бастап «Жас өркен» ЖШС-нің бас директоры қызметін абыроймен атқарып келді.

Жоғары қарай