Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

Қазақстанда ет экспорты қай көлемге жеткізіледі

2019 жылдың 26 қыркүйек 2019 13:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Қазақстан ет экспортын қандай көлемге арттыратынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішісі.

Айта кетейік, бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Құжатты талқылау барысында сенаторлар ет экспортын арттыру мәселесін көтерді.

«Ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізу мәселесі біраз жылдан бері айтылып келе жатыр. Бірақ қазір мал өнімін өндіру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл тұрғыда бөлек бағдарлама жасалған. Биылғы жылғы статистиканың көрсетілімі бойынша еттің экспорты 30 мың тоннаны құрады. Алайда бұл 30 мың тонна кетіп жатқан тірі малды есепке ала отырып қамтылды», - деді С. Омаров.

Оның сөзіне қарағанда, аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін шетелдік инвесторлар керек.

«Қазіргі кезде америкалық үлкен компаниямен тиісті шараларды пысықтап жатырмыз. Егер олар кіретін болса, бастапқыда біздегі жем-шөп мәселесіне назар аудармақ. Бұл ретте суармалы алқаптармен жұмысты бастап, бордақылау алаңдарын құрады. Біздің есебіміз бойынша екі компания жұмысқа кірісетін болса, жылдық әлеуетіміз 45 мың тоннаны (ет экспорты) құрамақ», - деді министр.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар саладағы түйіткілді мәселелерді көтерді.

Атап айтқанда, жылына 60 мың тонна ет экспорттау жоспарының орындалмауы, жеңіл өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы салаларындағы толассыз импорт, көлеңкелі экономикамен күрестің әлсіздігі және тағы да басқа мәселелер қозғалды.

Кейіннен Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі алдағы 2-3 жылда жыл сайын 60 мың тонна сиыр етін экспорттауға мүмкіндік бар екенін мәлімдеді.

Жоғары қарай