Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

Қазақстанда көлік салығын төлеу мерзімі өзгертіледі

2019 жылдың 18 қараша 2019 13:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылдан бастап көлік салығы әр жылдың сәуір айына дейін төлене бастауы мүмкін. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Салық салу әдіснамасы департаменті директорының міндетін атқарушы Дәулет Жарылғасынов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жеке тұлғалардың көлік құралдары үшін салық төлеу мерзімін ауыстыру мәселесі пысықталып жатыр. Атап айтқанда, бұл ең алдымен, салықтың уақытылы түсімін қамтамасыз ету үшін жасалып жатқан қадам. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салықты төлеу мерзімін 31 желтоқсаннан 1 сәуірге ауыстыру қарастырылуда», - деді Дәулет Жарылғасынов.

Департамент өкілінің айтуына қарағанда, аталмыш ұсыныс заң нормалары күшіне енгеннен соң келесі жылдан бастап қолданысқа енеді.

Ал баспасөз мәслихатынан кейін тілшілердің сұрағына жауап берген ҚР ҚМ МКК Салық салу әдіснамасы департаментінің Өндірістік емес төлемдер бойынша басқарма басшысының міндетін атқарушы Дархан Бейсенәлиев бұл өзгерістің неліктен енгізіліп жатқанын түсіндірді.

«Жалпы, салық заңнамасына сай, көлік салығы әр жылдың 31 желтоқсанында төленуі керек. Келесі жылдан бастап оны 1 сәуірден бастап төлетуді жоспарлап отырмыз. Неліктен? Себебі, біз бюджеттің төртінші деңгейіне өтеміз. Яғни, ауылдың округ әкімдері көлік салығынан түскен ақшаны сол жылы игере алатындай жағдай жасауды сұрап отыр. Осы мақсатта төлем құрылымын өзгертіп жатырмыз. Яғни, салық жыл соңында емес, келесі есептік кезеңде жыл басында түседі», - деді ол.

Жоғары қарай