Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Қазақстанда құжаттарды рәсімдеу тәртіптері жеңілдейді

2019 жылдың 29 қазан 2019 12:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, аталған заң жобасына депутаттар тобы бастамашы болды. Мәжіліс депутаты Майра Айсинаның сөзіне қарағанда, бүгінде мемлекеттік қызметтер «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетілсе, енді «бір өтініш» қағидатын ескеру қарастырылып отыр.

Бұл тұрғыда зейнетақы құжаттарын рәсімдеуде өзгерістер енгізу қарастырылуда. «Бүгінгі таңда зейнетақыға байланысты рәсімдік шараларға адамдар тиісті мекемелерге бірнеше рет баруға тиіс еді. Енді тек бір өтінішпен ғана барлық рәсімдер іске асырылады, осы орайда құжаттар пакетін жинау қажеттігі болмайды», - деді депутат Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында.

Майра Айсинаның айтуынша, заң жобасы арқылы құрамына 55 көрсетілетін қызмет біріктірілетін осындай 21 композиттік қызметті енгізу көзделіп отыр. Композит нақты өмірлік жағдай туындаған кезде адамның бір өтініш арқылы бірнеше өзара байланысты қызметтерді алуына мүмкіндік береді.

Заң жобасында мемлекеттік органдардың шешімі бойынша, оның ішінде елді мекендердің атауы, көшелердің атауы, сондай-ақ ғимараттар мен өзге де құрылыстардың реттік нөмірі өзгерген кезде, жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамаларына өзгерістерді тіркеудің ақпараттық жүйелерін интеграциялау арқылы автоматты түрде жүзеге асырылатыны көзделген.

Мәжіліс депутаты заң жобасының тағы бір негізгі тұстарына тоқтала келе, бизнеске байланысты қолайлы жағдай жасау ескерілгенін атап өтті. Бұл тұрғыда орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерін тіркеуді толығымен электрондық форматқа көшіру әрі құжаттар тізбесін оңтайландыру көзделеді. Нәтижесінде, жеке кәсіпкерлікті тіркеу электрондық өтініш берілген кезден бастап қазіргідей бір күн емес, бір сағаттың ішінде жүзеге асырылатын болады.

Жоғары қарай