Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 435.54
EUR 473.08
RUB 5.76
CNY 61.64

Қазақстанда мал ұрлығы үшін қандай жазалар енгізілді

2020 жылдың 8 қаңтар 2020 20:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда «тұрғын үйге, қызметтік немесе өндірістік мекемеге, қоймаға немесе көлікке заңсыз кіру» жағдайы қылмыстың ауыр санатына ауыстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов Орталық коммуникациялар қызметінде айтып берді.

«Кәсіби барымташылар жылқыны үйірімен айдап әкетіп, ұсталған жағдайда малын қайтарып ,айып төлеп құтылатын болды. Кей қылмыскерлердің 56 (Алматы), 65 (Алматы обл) тіпті 112 (ШҚО) мал ұрлығы фактісі тіркелген. Бірнеше рет мал ұрлау фактісі тіркелсе де, қос тарап ымыраға келген жағдайда, қылмыстық тергеу органдары мен сот қылмыскерді босатуға мәжбүр болды», - деп түсіндірді Санжар Әділов.

Ең алдымен, ҚР Қылмыстық кодексінде мал ұрлығы бойынша арнайы бап (188-1) енгізілді. Бапта қылмыстың 4 құрамы көрсетілген. Өзгенің малын ұрлау қылмысы үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген. Ал арнайы топпен ұйымдасып, аса ірі көлемде (500 АЕК) жасалған қылмыс үшін 3-7 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған және тараптардың ымыраласуына тыйым салынады.

Бірнеше рет мал ұрлағаны үшін немесе тұрғын жай, кәсіпорын, ұйым, мекеме, қора ауласына заңсыз кіргені үшін енді қылмыскердің мүлкін тәркілеу және 5-10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Қылмыстық топ арқылы немесе аса ірі көлемде (2 000 АЕК) мал ұрлағандарды 7-12 жыл мерзімге абақтыға қамау және мүлкін тәркілеу жазасы күтіп тұр.

«Мал ұрлығы және тонау, қарақшылық қылмыстары бойынша «тұрғын үйге, қызметтік немесе өндірістік мекемеге, қоймаға немесе көлікке заңсыз кіру» жағдайы қылмыстың ауыр санатына ауыстырылды және тараптардың ымыраға келуіне тыйым салынды. Енді өзгенің ауласына заңсыз кіріп, ұрлық жасағандар 2-7 жылға қамалып, мүлкі тәркіленеді. Мал ұрлығы мен тонау үшін - 5-10 жыл және мүлкін тіркілеу және қарақшылық үшін 7-12 жыл және мүлкін тәркілеу жазалары беріледі», - деді С. Әділов.

Одан бөлек, тараптардың ымыраға келуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатуды көздейтін ҚР Қылмыстық кодексінің 68-бабына түзету енгізілді.

«Енді татуласу мүмкіндігі қасақана қылмысты қайта жасағандарға, бұған дейін келісімге келу арқылы қылмыстық жауапкершіліктен босатылғандарға берілмейді. Осылайша, шиеленістерді сотқа дейінгі реттеуді көздейтін Қылмыстық кодекстің ережелерін ұрылардың өз пайдасына қолдануына жол берілмейді», - деді Санжар Әділов.

Айта кетейік, желтоқсан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнамаларды жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Осы заң арқылы ҚР Қылмыстық кодексінің 10 тарауындағы 69 бапқа және Қылмыстық-процестік кодекстің 72 бабына түзетулер енгізіледі.

Заң 11 қаңтар күні күшіне енеді.


Басты сөздер: Қылмыспен күрес, ҚР ІІМ,
Жоғары қарай