Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

Қазақстанда медициналық қызметтердің электронды порталы іске қосылды

2019 жылдың 11 қараша 2019 20:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда медициналық қызметтердің электронды порталы іске қосылды. Жаңа порталдың жұмыс істеу тетіктері жайында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботагөз Жақселекова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл денсаулық сақтау саласын цифрландырудың тағы бір жолы саналады. Бүгін біз медициналық қызметтерді сатып алудың электронды порталын іске қосамыз. Өткен жылдан бері дәрі-дәрмектерді электронды түрде сатып алып келеміз. Соның арқасында айтарлықтай мол үнем, ашықтық болды. Медициналық қызметтерді электронды түрде сатып алудан да сондай әсер күтеміз»,- деді жауапты хатшы порталдың ілкі жобасын іске қосу алдында.

Оның атап өтуінше, қараша айының ішінде әзірлеменің барлық тестік шаралары аяқталады және 2020 жылдан бастап барлық сатып алулар медициналық қызметтердің электронды порталы арқылы жүзеге асырылады. Айта кетерлігі, қазіргі уақытта тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі арқылы сатып алынатын қызметтердің көлемі шамамен 1 трлн теңгені құрайды.

«2020 жылдың 1 қаңтарынан бізде міндетті медициналық сақтандыру іске қосылады. Ал бұл дегеніңіз, міндетті медициналық сақтандырудың медициналық қызметтер топтамасын қамтамасыз етуге бағытталған қосымша 570 млрд теңге қаражат деген сөз. Сол арқылы біздегі жалпы қаржыландыру 55-60 пайызға артып, келесі жылы шамамен 1,6 трлн теңге болады», - деді Ботагөз Жақселекова.

Осы орайда министрліктің жауапты хатшысы медициналық қызметтерді сатып алуға мемлекеттік, сонымен қатар жеке компаниялар да қатыса алатындығын баса айтты.

Жоғары қарай