Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Қазақстанда пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу бойынша Жол картасы әзірленді

2019 жылдың 14 қазан 2019 15:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерді қайтарып алу бойынша Жол картасы әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қолданыстағы 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2021 жылға қарай аумағы 610 мың га болатын жаңа жерлерді айналымға енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда Қазақстанда 1,4 млн га суармалы жер бар. Егер бұған қазір жоспарлап отырған 610 мың га қосатын болсақ, онда 2021 жылға қарай біз 2 млн га жерге қол жеткіземіз. Ол үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда», - деді Сапархан Омаров Үкіметтің баспасөз орталығында.

Министрдің айтуынша, суармалы жерлердің көлемін кезең-кезеңмен арттыру бойынша қойылған міндетті іске асыру жұмыстары қолға алынған. Осы мақсатта облыс әкімдіктері Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, МЖӘ тетігі арқылы жеке әріптестіктің қатысуымен жаңа суармалы жерлерді дамыту бойынша жобаларды іске асырып, ирригациялық желілерді салу үшін әлеуетті инвесторларды анықтау үстінде. Осы аталған шаралар 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 млн гектарға дейін арттыруға мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығы өнімдері көлемінің 4,5 есе өсімін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін өндірістік қызметке тарту бойынша тапсырмасының орындалу жайын баян етті.

«Аталған жұмысты министрлік қызу жүргізіп жатыр. Мәселен, барлық заңнамалық негіздер қайта қарастырылған, қосымша өзгерістер енгізу жоспарланған. Министрлік ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу бойынша Жол картасын әзірледі. Осы Жол картасы аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерге салынатын салық мөлшерін кезең-кезеңмен көтеру жоспарланған. Қазір облыстық мәслихаттарға пайдаланылмай жатқан жерлерге салынатын салықты 10 есеге дейін арттыру бойынша құқықтар берілген. Біз бүгінгі таңда осы салық мөлшерін 20 еседен 30 есеге дейін арттыруды көздеп отырмыз. Мысалы, Ресейде бұл салық қазір 100 есеге дейін көтерілген», - деді Сапархан Омаров.

Жоғары қарай