Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 413.12
EUR 452.86
RUB 5.82
CNY 57.92

Қазақстанда тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы пайда болады

2020 жылдың 8 сәуір 2020 14:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту бойынша іске асыру мақсатында әзірленген.

Мәжіліс депутаты Сапар Ахметовтің айтуынша, заң жобасы тұрғын үй бағдарламаларының жұмыс істеп тұрған операторлары «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-ны, «Бәйтерек девелопмент» АҚ мен «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ-ны Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы етіп біріктіруге, сондай-ақ олардың бірін-бірі қайталайтын функцияларын жоюға және жалпы әкімшілік шығыстарын қысқартуға бағытталған.

Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы ұғымын енгізумен қатар, бірыңғай оператордың жаңғыртылған қызметтері ұсынылып отыр.

Заң жобасымен тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы келесі жұмыстарды атқаруы қарастырылады: мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылысты жүзеге асырып жатқан заңды тұлғаларға несие беру, жерггілікті атқарушы органдарда әрі әкімдіктерде баспана кезегінде тіркелген азаматтарға сатып алу құқығымен арендалық пәтерді ұсынуды регламентациялау, инвестициялық жобаларды қаржыландыру мен іске асыру.

Құжатта тұрғын үй құрылысы бірыңғай операторының ипотекалық тұрғын үй қарыздарына кепілдік беру, көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға кепілдіктер беру бойынша да нормалар көзделген.

Заң жобасында Қазақстан Республикасының 3 кодексі мен 4 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады.

Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин аталған заң жобасына байланысты пікір білдірді.

«Тұрғын-үй саясаты әрқашанда күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе екені баршаңызға белгілі. Осы жолда Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, мақұлданған бүгінгі Заң жобасы аталған саладағы сұрақтарды уақыт талабына сәйкес, одан әрі, тиімді шешуге ықпал етеді деп білеміз. Енді, Қазақстанда тұрғын үй саясатын жүзеге асыратын бірыңғай оператор құрылады. Ол халқымызға, соның ішінде, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтар арасында қолжетімді баспана мәселесін шешуге кең жол ашатын болады, - деді Н. Нығматулин.


Жоғары қарай