Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 376.43
EUR 407.11
RUB 5.76
CNY 53.55

Қазақстанда жаңа технологиялар саласындағы жобаларды іске асыруға жағдай жасалады

2020 жылдың 22 қаңтар 2020 10:37

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасын жұмысқа алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді. Заң жобасы цифрлық технологияларды енгізуге және дамытуға, сондай-ақ цифрлық технологияларды, блокчейнді, «Үлкен деректерді», цифрлық активтерді және басқаларды қолданумен байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жобаларды іске асыру кезінде жағдай жасауға бағытталған», - деді Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.

Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы 38 заңнамалық актіге, оның ішінде 8 кодекске және 30 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

«Комитет осы заң зобасын жұмысқа алуға және ол бойынша 2021 жылдың 17 ақпанына дейін қорытынды әзірлеуге дайын», - деді депутат.

Еске салда кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында цифрлық экономиканы дамытуда ауқымды жұмыстар атқаруды тапсырды.

«Біздің міндетіміз – ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірдегі көшбасшылықты нығайту. Үкімет заңнаманы 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейімдеу қажет. Қазақстан технологиялық серіктестік орнату, мәлімет орталықтарын құру және орналастыру, мәліметтер транзитін дамыту, цифрлық қызметтердің жаһандық нарығына қатысу үшін ашық юрисдикция ретінде өзіндік брендке айналуы тиіс», - деді Мемлекет басшысы.


Жоғары қарай