Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

Қазақстанда жойылып кеткен құлан қайта көбейе бастады – вице-министр

2020 жылдың 10 қаңтар 2020 20:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақ даласында «Құлан» сөзі кеңінен тараған. Оны «Құлан», «Құланды», «Құланөтпес» секілді елді мекендер мен өзен-көлдер атауынан байқауға болады. Бұл құлан жануарының еліміздің түпкір-түпкірінде тіршілік еткенін айғақтайды. Осы орайда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев қазақ даласынан жойылып кеткен құландардың қайта жерсіндіру жұмыстарын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда құланның үш түрі болған: моңғолдық, түрікмендік және қазақстандық. Моңғолдық түр – Шығыс Қазақстанды, қазақстандық түр – орталық пен оңтүстікті, ал түрікмендік – Батыс өңірді мекен еткен.

«Өткен заманда шөлді және жартылай шөлді жерді мекендейтін құланның таралу аумағы Ресейдің еуропалық бөлігін, Батыс Сібір мен Қазақстанды, Орталық Азия мен Тибеттің шөлдерін, Араб түбегі мен Үндістанды қамтыған. Ғалымдардың айтуынша, ХVIII ғасырда Қазақстанда мыңдаған құлан болды. Олардың күрт азаюына 1879-1880 жылғы және 1891-1892 жылғы жұт ықпал етті. Ал жұттан аман алған тақтұяқтыны аңшылар жаппай қырды. Осының салдарынан ХХ ғасырдың басында құлан табиғатымыздан толығымен жойылып кетті», - дейді Ерлан Нысанбаев.

Қазақстанда құлан «сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар» деп танылып, Қызыл кітаптың ІІ санатына енгізілді. Сонымен бірге, Халықаралық табиғатты қорғау одағының жойылып кету қаупі бар Қызыл тізіміне, СИТЕС конвенциясының ІІ қосымшасына осы санатта енгізілген.





«Қазақстан табиғатына құландарды қайта жерсіндіру жұмыстары 1953 жылы басталды. Көрші Түрікменстанның Бадхыз қорығынан Барсакелмес қорығына он шақты түрікмендік құлан жеткізілді. Генетикалық зерттеу көрсеткіші бойынша құлан түрлерінде қатты айырмашылық болмаған. Сол себепті Арал өңіріне жіберілген құландар тез жерсініп, жылдан-жылға саны өсе бастады. 1980 жылдары Барсакелмес қорығында құландардың саны 272-ге жетті. Қайта жерсіндіру жұмыстары оң нәтиже көрсеткен соң, 1982 жылы Барсакелместен 27 құлан Алтынемел ұлттық паркіне жіберілді. Қазіргі уақытта ұлттық паркте олардың саны 4000-ға жетті», - деді вице-министр.

Биологиялық алуантүрлілікті сақтау бойынша мемлекет атқарған нақты жұмыстар нәтижесінде құландардың, киіктердің, қарақұйрықтардың, арқар мен басқа да жабайы аңдардың саны артып келеді.





2017 жылы Норвегия табиғат қорғау институты, Франкфурт зоологиялық қоғамы және Қазақстанның биологиялық алуантүрлілікті сақтау қауымдастығы бірлесіп, құландарды көшіру жұмыстарын қайта қолға алды.

Сол жылы күзде Алтынемел ұлттық паркінен Қостанайдағы Алтын Дала резерватына 9 құлан жіберілді, 2019 жылы резерват тағы 3 құланмен толықты. Бір кездері Торғай атырабында тіршілік еткен құландар тарихи мекеніне қайта оралды. Бұл жоба аясында Алтын Дала резерватына тағы қырықтан астам құланды көшіру жоспарланған.

«Өкінішке қарай, осы өңірге көшірілген құландарға браконьерлер шабуылы толастар емес. Өткен жылдың желтоқсанында Қостанай облысындағы «Тасты» аңшылық шаруашылығынан заңсыз кесілген құланның басы табылып, ішкі істер органдары қылмыстық іс қозғады. Бұл – екінші браконьерлік факт болды. Олар аңды аяусыз атып, табиғатқа үлкен зардап тигізіп отыр», - деді Е. Нысанбаев.

Вице-министр еліміздің аң-құсын сақтауға мемлекет қана емес, жергілікті халықтың да белсенді атсалысуы керектігін жеткізді.

«Өркениетті елдерде қоғамның белсенді азаматтық ұстанымы арқылы қоршаған орта қорғалады. Біздің қоғам да дәл осындай бағытта жұмыс атқаруы тиіс. Кең байтақ еліміздің табиғаты ерекше көрікті. Аң-құстың, ағаштың, өсімдіктің сан алуан түрі бар. Осындай табиғи байлығымызды келер ұрпаққа жеткізу – біз үшін басты міндеттердің бірі болмақ. Бұл жауапты міндетті жұмыла қоғам болып атқара аламыз. Барлық қазақстандықтарды табиғатты қорғауға шақырамыз», - деді Ерлан Нысанбаев.














Жоғары қарай