Ауа райы
Астана 10 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 389.62
EUR 429.98
RUB 6.06
CNY 55.08

Қазақстанда жұмыссыз жүргендердің үштен бірі - жоғары білімі бар адамдар

2019 жылдың 14 наурыз 2019 19:29

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде еңбек нарығына қарай маман даярлаған маңызды. Осы орайда қажетті мамандықтарға білім гранттарын дер кезінде бөліп отыру қажет. Бүгінде осы жұмыспен екі министрлік айналысады. ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігі нарықтың сұранысын көрсетсе, ҚР Білім және ғылым министрлігі соған қарай гранттарды таратып отырады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұловтың айтуынша, бүгінде ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандарға деген сұраныстың болжамын ұсынады. Бірақ ол мамандардың білім деңгейі, нақты мамандығы мен класификациясына қатысты мәліметтер жоқ.

«Соның салдарынан біз нақты мамандықтар мен олардың білім деңгейі бойынша сұранысты көре алмаймыз. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар мен ұлттық компаниялар ағымдағы сұранысты ұсынады. Ал ол маманға төрт жылдан кейін сұраныс бола ма, жоқ па, осы мәселені ескермейді. Осының салдарынан бүгінде жоғары оқу орындарының түлектеріне толыққанды сұраныс болмайды. Сондықтан еңбек нарығына қажетті мамандарға болжам жасау тетіктерін өзгерту керек», - деді Т.Ешенқұлов ҚР Парламент Мәжілісінде өткен дөңгелек үстелде.

Ал депутат Жәмиля Нұрмамбетованың сөзіне қарағанда, екі министрлік өзіне жүктелген жұмысты ойдағыдай атқарса, еңбек нарығында жұмыссыздық мәселесі болмайды. Себебі еңбек нарығына қарай білім гранттары таратылғаннан кейін жоғары оқу орындарын бітірген жастар бірден жұмысқа тұруы тиіс. Бірақ бүгінде осы саладағы ұсыныс пен сұраныс әртүрлі болып тұр.

«Мәселен, ауылдық квотамен білім алған жастарды алайықшы, үш жылдың ішінде аталған квотамен 10 719 адам жоғары білім алып шықты. Алайда олардың тек 25 пайызы ғана жұмысқа тұрды. ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, елімізде 441 893 жұмыссыз адам бар. Олардың 30 пайызы - жоғары білімі бар азаматтар. Ал 2017 жылда жұмыс берушілерде 26 мың бос жұмыс орны болды. Себебі үміткерлердің білімі сол вакансияларға сәйкес келмеді. Жұмыс бар, бірақ адамның алған білім келмейді. Мемлекеттік тапсырысты тиімді үйлестірмеуден осындай проблемалар туындайды», - деп атап көрсетті Ж.Нұрмамбетова.

Айта кетейік, биыл білім гранттарын тағайындау жүйесінде өзгерістер болады. Жоғары оқу орындарын жан басына қарай қаржыландыру жүйесіне басымдық беріледі. Мәселен, ҰБТ-да жоғары ұпай алған мектеп түлегі қай оқу орнын таңдаса, сол жерге грант беріледі. Бұдан бөлек, мектеп түлектеріне мамандықты таңдау жағы жеңілдей түседі. Сонымен қатар, жиында «Серпін» бағдарламасының гранттары игерілмей жатқандығы айтылды.

Жоғары қарай