Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 379.75
EUR 415.18
RUB 5.78
CNY 54.19

Қазақстандағы ірі компаниялар неге отандық өнімді сатып алмайды

2020 жылдың 17 қаңтар 2020 12:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың айтуынша, бұл өзгеріс отандық тауар өндірушілерге мүмкіндік туғызып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әрбір трансұлттық компанияның экология мен шетелден жұмыс күшін тартудағы міндетінен бөлек, өзіндік әлеуметтік міндеттемелері бар. Бұл ретте БАҚ құралдары мына жаңалықты байқамай қалды: «Теңізшевройл» жақында тұңғыш рет тауарды сатып алу жоспарын жариялады. Біреуге бұл өзгеріс еш жаңалық болмауы мүмкін. Бірақ бұл салада бірнеше жыл жүрген мен үшін бұл - айтарлықтай маңызды ақпарат. Сол секілді тағы бір ірі компания сатып алу жоспарын жасауға дайын екенін айтып, отандық тауарлардың реестрін сұрады. Сондықтан бұл жұмыс күшейтіледі», - деді Абылай Мырзахметов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қытайлық жер қойнауын пайдаланушылармен де бұл бағытта жұмыс жүргізіледі. Абылай Мырзахметовтың сөзіне сенсек, жер қойнауын пайдаланушылармен жұмыста Энергетика министрлігінде ықпал етерлік тетіктер баршылық.

«Шетелден жұмыс күшін тартудан бөлек, осындай мәселелерге де (ірі компанияларға отандық тауарларды өткізу) назар аударып, қоғам болып ықпал етуіміз керек. Отандық тауардың бағасы мен сапасы лайық па – ендеше сатып алыңыздар, болмаса Қанат Бозымбаев айтқандай, лицензияны қайтарып алуға дейінгі шараны қабылдаған жөн. «Казцинк», «Қазақмыс», «Арселор»... «Арселор Миттал» ешқашан отандық өнімді сатып алмайды. Жауапкершілік деген атымен жоқ. «Қазақмыс» қажеттіліктің 50 пайызын алып отыр. «ERG» компаниясы да серіктестікке дайын. Егер біз ойлы протекцияны қолға алмасақ, отандық тауарды өсірмек түгілі, қолдағы барымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Импортты алмастыру деген сөз қозғалғанда ең алдымен өз еліміздің, өз тауар өндірушілеріміздің мүддесі туралы айтамыз. Сол себепті батыл қадамдардан қорықпау керек», - деді Абылай Мырзахметов.

Еске сала кетсек, елімізде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан импортты алмастыру жөніндегі кеңес құрылады. Кеңес алаңында бизнес-қоғамдастық уәкілетті мемлекеттік органдармен, ұйымдармен бірлесіп, жергілікті қамтуды және реттелетін сатып алу жүйесін, кедендік-тарифтік саясатты, техникалық реттеу, шикізат базасын дамыту, инфрақұрылымдық даму, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі дамуына байланысты басқа мәселелерді талқылайды.


Жоғары қарай