Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Қазақстандағы туризмді қалай дамытуға болады

2019 жылдың 19 қыркүйек 2019 13:47

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Азия-Тынық мұхиты елдерінің саяхат қауымдастығының бас директоры Марио Харди Қазақстандағы туризмді дамыту бойынша кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Туризмді дамыту үшін ең алдымен визасыз режим тізіміндегі елдердің санын арттыру қажет. Екіншіден, маркетингке көңіл бөлу маңызды. Туристерге ашық, қолайлы мемлекеттің бар екенін барлық жерде насихаттау қажет. Бұл менің Қазақстанға үшнші сапарым және мұнда көруге тұрарлық орындардың көп екенін білемін. Қазақстанда тау-шаңғы курорты бар, бірегей мәдениет, дәмді тағамдар - осының барлығын туристерге ақпарат ретінде жеткізу керек. Сіздердің ұсынатын ерекшеліктеріңіз көп», - деді Марио Харди PATA Travel Mart 2019 форумында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, көрмеге қатысатын вьетнамдық туристік операторлардың бірі Қазақстанға бір апта бұрын келді.

«Олар Қазақстанның көрікті орындарын аралап, қарым-қатынас орнатып үлгерген және Қазақстанға төрт чартерлік рейс ашуға уағдаласқан. Сіздерде туристік алғышарттар жеткілікті, тек көбірек насихаттау керек. Инфрақұрылымды дамытып, нарық қатысушыларының бәсекеге қабілеттігін арттырған жөн», - деді РАТА басшысы.

«Kazakh Tourism» АҚ өкілдерінің айтуынша, 2025 жылға дейін Қазақстандағы туризмді дамыту бағдарламасы қабылданған. Онда инфрақұрылымды жақсарту шараларына ерекше көңіл бөлінген.

Еске сала кетсек, ТМД аумағында алғаш рет Нұр-Сұлтанда PATA Travel Mart 2019 Азия-Тынық мұхиты елдерінің халықаралық туристік көрмесі ашылды. Оған Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің 250-ден астам туристік компаниясы қатысуда. Көрме аясында Tax Free Қазақстанның туристерге салықсыз жүйесі іске қосылады.


Жоғары қарай