Ауа райы
Нұр-Сұлтан 8 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 382.38
EUR 428.30
RUB 5.97
CNY 55.39

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

2019 жылдың 17 наурыз 2019 16:30 1021

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы аптаны «вице-министрлер аптасы» деп атауға болады. Себебі орталық мемлекеттік органдарда, көбінесе вице-министрлер деңгейінде ауыс-түйістер болды. Ал жергілікті жерде кадрлық тағайындаулар көп болған жоқ, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы аптаның басты жаңалығы - экс-министр Мәдина Әбілқасымованың жаңа қызметке тағайындалауы. ҚР Үкіметінің қаулысымен Әбілқасымов ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі болып тағайындалды. Енді, ол экономикалық даму мәселелерімен айналысады. Журналистерге сұxбат берген ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов та Мәдина Әбілқасымованың келуіне қатысты пікір білдірген болатын. «Барлық вице-министрлер Үкімет шешімімен тағайындалады. Мәдина Әбілқасымова осыған дейін Ұлттық экономика министрлігінде қызмет еткен болатын, яғни халықаралық блокпен айналысты. Енді жаңа қызметінде де осы бағытқа жауапты болады. Менің алдыма бірқатар міндеттер (Үкімет тарапынан- авт.) қойылды, сәйкесінше жұмыстың жемісті болуы үшін өзімнің орынбасарларымнан талап етемін. Бүгінде менің бес орынбасарым бар», - дейді Р. Дәленов. 

Шынымен де, Мәдина Әбілқасымова осыдан 8 жыл бұрын ҚР Ұлттық экономика министрлігінде министр орынбасары қызметін атқарды. Бірақ ол кезде аталған мемлекеттік орган ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі, артынан ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі деп аталған. Жалпы, экс-министрдің еңбек жолына келер болсақ, 1999 жылдан 2001 жылға дейін ол ҚР Стратегиялық жоспарлау агенттігінің бас маманы болып жұмыс істеген. 2003-2004 жылдары - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің стратегиялық жоспарлау басқармасының бастығы, 2004-2006 жылдары - «Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы» АҚ мемлекеттік саясатты талдау департаментінің директоры, 2006-2008 жылдары - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-экономикалық бөлім меңгерушісінің орынбасары, ал 2008-2011 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары болған. Одан кейін вице-министр қызметін атқарды. Ал 2018 жылдың ақпан айынан бастап 2019 жылдың ақпанына дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды. Енді, өз саласына оралып, вице-министр қызметіне қайтадан тағайындалып отыр. 

Мәдина Ерасылқызы 1978 жылы 1 тамызда туған. 1999 жылы Қазақ Мемлекеттік басқару академиясын «халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген. 2002 жылы Колумбия университетін халықаралық қатынастар магистрі дәрежесімен «экономикалық саясатты басқару» мамандығы бойынша аяқтады. 2011 жылы Гарвард университетінің Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебін «мемлекеттік басқару магистрі» мамандығы бойынша тәмамдады. 

ҚР Ұлттық экономика министрлігіне тағы бір жаңа вице-министр келді. Ол - Мәди Тәкиев. Мәди Төкешұлы 1978 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Д. Қонаев атындағы университетті, сондай-ақ Халықаралық бизнес университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1998 жылы бастаған. Түрлі жылдары Алматы қаласының және  Алматы облысының Салық департаментінде жұмыс істеген. 2012-2013 жылдары - ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитетінің басқарма басшысы, 2013-2014 жылдары - Ұлттық экономика министрлігінің салық және кеден саясаты департаментінің директоры қызметін атқарды. 2014 жылы ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-экономикалық бөлімінің бас кеңесшісі болып жұмыс істеді. 2014 жылдан 2017 жыл аралығында Атырау облысының Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы қызметін атқарды. Ал 2017 жылдан бастап ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Салықтық бақылау департаментінің директоры болды. Енді, Үкіметтің қаулысымен ҚР Ұлттық экономика вице-министрі қызметіне тағайындалып отыр.  Ал ұлттық экономика вице-министрі болған Әсет Ирғалиев  ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды. 

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министі Арыстан Қабыкенов те басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды.  Аталған мемлекеттік органда екі комитеттің басшысы ауысты. Мәселен, Көлік комитетінің төрағасы қызметіне Самат Ғылымов тағайындалды. Самат Қуанышұлы Ғылымов 1964 жылы Атырау облысында туған. Еңбек Қызыл Ту ордені атындағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. Еңбек жолын 1981 жылы Гурьев облысының Қосшағыл кеңшарында слесарь болып бастаған. Түрлі жылдары коммерциялық секторда еңбек еткен. 2002-2005 жылдары Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды. 2005-2007 жылдары «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» АҚ «Ембімұнайгаз» филиалы аппаратының басшысы - директордың орынбасары. 2008-2017 жылдары Көліктік бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша өңіраралық Көліктік бақылау инспекциясының бастығының орынбасары, бастығы, басшысы лауазымдарында болды. 2017 жылдың сәуір айынан бастап бүгінгі күнге дейін ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Бұдан бөлек, министрдің бұйрығымен басқа жұмысқа ауысуына байланысты А. Батанов Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылды. 

Ал ҚР Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов бірінші вице-министр дәрежесіне дейін көтерілді. Б. Шолпанқұлов 1976 жылы Алматы облысында туған. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін экономист-бухгалтер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1996 жылы ҚР Қаржы министрлігі жанындағы Қазынашылық Мемлекеттік қарыз және кассалық қаржы басқармасының қазынашысы болып бастады. Түрлі жылдары ҚР ҚМ жанындағы қазынашылық жүйесінде басшылық қызметтерді атқарды. 2008 жылдан 2014 жыл аралығында ҚР қаржы вице-министрі болды. 2014-2016 жылдары - ҚР қорғаныс министрінің орынбасары. 2016 жылдан бастап қазірге дейін ҚР қаржы вице-министрі лауазымын атқарды. 

 

 

 

Автор: Арман Асқаров
Басты сөздер: Тағайындау,
Жоғары қарай