Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 435.54
EUR 473.08
RUB 5.76
CNY 61.64

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

2020 жылдың 12 қаңтар 2020 11:17

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен аптада еліміздегі бірқатар салада кадрлық ауыс-түйіс болды. «ҚазАқпарат» ХАА апта ішінде болған тағайындауларға шолу жасайды.

***

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өкімімен Мереке Мәтімұлы Күшікбаев «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы қызметіне тағайындалды.

***

Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары болып осы қызметке дейін Дін жөніндегі басқарма басшысы болған 46 жасар Нұрлан Бикенов тағайындалды.

Нұрлан Бикенов әкімнің орынбасары қызметінде Әлеуметтік сала блогына және ішкі саясат мәселелеріне жетекшілік ететін болады.

Ол 1973 жылы 26 ақпанда Нұра ауданында дүниеге келген. Үш жоғары білімі бар – биолог, тарихшы және экономист.

Еңбек жолын Нұра ауданының Куйбышев кеңшарында жұмысшы болып бастаған. Содан кейін Захаровка ауылының мектебінде ұстаздық етті.

2001 жылы Мемлекеттік қызметке орналасты. Қатардағы маманнан бастап басшы лауазымдарына дейін еңбек жолынан өтті. Қарағанды қаласының ішкі саясат бөлімін басқарды. Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары, Осакаров ауданы әкімінің орынбасары болды. 2016 жылдан бастап осы уақытқа дейін Қарағанды облысының дін істері басқармасының басшысы қызметін атқарды.

***

«Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы болып Марат Нұрғожин тағайындалды.

Нұрғожин Марат Рахмалыұлы 1957 жылы 30 маусымда дүниеге келген. Техника ғылымдарының докторы. Бауман атындағы Мәскеу жоғары техникалық училищесін бітірген. Профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының және ҚР Инженерлік академиясының академигі.

Еңбек жолын 1980 жылы бастаған. Әр жылдары Қарағанды политехникалық институтында, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде, Білім және ғылым министрлігінде, «Самғау» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ-да, «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ-да жұмыс істеді.

2016-2019 жылдар аралығында қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі лауазымында қызмет атқарды. Соңғы тағайындауға дейін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі.

***

Рүстем Әйменов ҚР Сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және бақылау комитеті Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалды.

«Рүстем Ханатұлы 1985 жылы 27 наурызда Алматы қаласында туған.

2008 жылы Еуразия ұлттық университетін «Стандартизация, метрология және сертификация» мамандығы бойынша бітірген.

2012 жылы Cardiff Metropolitan University, бизнес-әкімшілендіру магистрі, МВА тәмамдады.

2008 жылы «Қазақстанның метрология институты» РМК, «Ұлттық аккредитация орталығы» ЖШС басшылық қызметтерде, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар» КАҚ жанындағы «Энергоинформ» АҚ, «Қазақстанның жылжымалы тексеру қызметі» ЖШС бас директоры болды.

***

Асқар Нұрымжанов «Қазтелерадио» АҚ Басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды.

Асқар Мұқанметжанұлы 1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1999 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «экономика және менеджмент» мамандығы бойынша, 2009 жылы Алматыдағы Халықаралық бизнес академиясының МВА бағдарламасы бойынша, 2014 жылы Халықаралық бизнес мектебін DBA бағдарламасы бойынша тәмамдады, «Іскерлік әкімшілік докторы» академиялық дәрежеге ие.

Еңбек өтілін «Қазақтелеком» АҚ (Алматы қ.) ішкі аудит және есептік саясат қызметінің жетекші маманы, сосын қаржы департаментінің жетекші маманы ретінде бастаған.

2003 жылдан бастап Қаржы департаменті директорының орынбасары, ал 2006 жылдан бастап 2016 жылға дейін Ақмола облыстық телекоммуникациялар дирекциясы Бас директоры лауазымында қызмет етті. 2016 жылдан 2017 жылға дейін ҚР Ұлттық банкінің ақпараттық технологиялар департаментінің директоры болып жұмыс істеді. 2018-2019 жылдар аралығында «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары лауазымында қызмет етті.

***

Осы аптада «Рухани Жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ Басқарма төрағасының жаңа орынбасары таныстырды. Бұл қызметке Артур Нығметов тағайындалды.

Артур Нығметов 2007 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірді, бір жылдан кейін Мәскеу саяси зерттеулер мектебін аяқтады. Шведтік SIPU International мемлекеттік және муниципалдық басқару институтында тағылымдамадан өтті.

Бұқаралық ақпарат құралдарында, медиакорпорацияларда жұмыс тәжірибесі бар.

Әр жылдары «Медиалық технологиялар орталығы» жеке қорының директоры, Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы, Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі болып жұмыс істеді.

«Үздік публицист» номинациясы бойынша жыл сайынғы «Халық сүйіктісі» қоғамдық сыйлығының лауреаты, «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.

***

Петропавлдың «Қызылжар» футбол командасына бас бапкер болып молдовалық маман Вячеслав Руснак тағайындалды.

Вячеслав Руснак 1975 жылы Молдованың Бельцы қаласында дүниеге келген. Спорттық мансабын 1992 жылы жергілікті «Олимпия» командасында бастады. 2004-2010 жылдарда Қарағандының «Шахтер» командасының намысын қорғады.

2011 жылдан бері бапкерлікпен айналысып келеді. Соңғы қызмет еткен орны - Молдованың «Милсами» командасы. Аталмыш клуб 2017 жылы өз елінде күміс жүлдегер атанды.

***

Аптаның басында 53 жастағы қазақстандық бапкер Серік Әбдуәлиев «Екібастұз» футбол командасының бас бапкері атанды.

Өткен маусымда ол «Алтай» командасындағы Сергей Тимофеевтің көмекшісі болған еді.

Бұрын танымал футбол майталманы болған маман «Ертіс», «Қайрат», «Жетісу», «Қайсар-Харрикейн», «Шахтёр-Испат-Кармет» және «Көкше» командаларының сапында доп тепкен. Бапкер ретінде «Қайратта», «Локомотив», «Ертіс», «Жетісу», «Достық» (Алматы), «Оқжетпес», «Рузаевка» командалары мен Қазақстанның жастар құрамасында жұмыс істеген.


Автор Руслан Ғаббасов
Басты сөздер: Тағайындау,
Жоғары қарай