Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындауларға шолу

2019 жылдың 16 маусым 2019 13:34

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ҚР жаңа Президентінің сайлауымен есте қалды және сәйкесінше бірқатар маңызды кадрлық ауыс-түйістер болды.

«ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 10-16 маусым аралығындағы Қазақстанда болған кадрлық тағайындауларға шолу ұсынады.

Айта кетейік, «ҚР Президенті туралы» ҚР Конституциялық заңының 17-1-бабы 1-тармағына сәйкес, жаңадан сайланған ҚР Президенті қызметіне кіріскенде оған тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшыларының өкілеттігі тоқтатылады. Олар тиісті басшылар тағайындалғанша өз міндеттерін атқарушы болады.

Осылайша, Президент Жарлығымен Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы қызметіне тағайындалды.

Бақытжан Әбірұлы Сағынтаев 1963 жылы 13 қазанда Жамбыл облысы Талас ауданында дүниеге келген. 1985 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Экономист, саяси экономика пәнінің оқытушысы болған. Әр жылдары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, «Шағын кәсіпкерлікке қолдау көрсету қоры» ЖАҚ басқармасының төрағасы, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы, Павлодар облысының әкімі, ҚР экономикалық даму және сауда министрі, «Нұр Отан» ХДП-ның төрағасының бірінші орынбасары, ҚР Премьер-Министрі, ҚР Мемлекеттік хатшысы сынды маңызды лауазымдарда еңбек еткен.

12 маусым күні ҚР Парламенті Сенатының отырысында депутаттар Қазақстан Республикасының Президентіне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы етіп Кәрім Мәсімовті тағайындауына келісім берді.

Кәрім Мәсімов 1965 жылы Целиноград (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласында дүниеге келген. 1985 жылы Мәскеудегі П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінде араб филологиясы бойынша білім алды. 1988 жылы Бейжіңде Тіл білімі институтында оқыған. 1991 жылы Қытайдағы Ухань заң университетін, 1995 жылы Қазақ мемлекеттік Басқару академиясын бітірген. 1999 жылы Колумбия университетінде (Нью-Йорк) топ-менеджерлер даярлау бағдарламасынан өткен. Қазақ, орыс, ағылшын, қытай, араб тілдерін еркін меңгерген. Бұл тағайындауға дейін, К. Мәсімов 13-ші ҚР Ұлттық қауіпсізідк комитетінің төрағасы болған.

Еліміздегі ең өзекті салалардың бірі болып саналатын ҚР Білім және ғылым министрлігіне жаңа басшы тағайындалды. Президент Жарлығымен бұл орынға Асхат Аймағамбетов бекітілді.

Асхат Қанатұлы Аймағамбетов 1982 жылы 14 маусымда Қарағанды облысында дүниеге келді. 2003 жылы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ тарих факультетін «тарихшы, тарих пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2006 жылы - Қарағанды «Болашақ» актуалды білім беру институтының заң факультетін «құқықтану» мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 2002 жылы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-ден бастаған, 2004-2005 жылдары «Аңсар» жастар лигасы» ҚБ төрағасы болған, 2005-2006 жылдары «МЕДИА СП» ЖШС директоры, 2006-2012 жылдары - Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ саясаттану және әлеуметтану кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті ретінде қызмет атқарған. 2012-2014 жылдары Нұра ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. 2014 жылғы ақпан айынан бастап 2017 жылғы тамызға дейін - Қарағанды облысы білім беру басқармасының басшысы лауазымында болды. 2017-2019 жылдары Қазақстан Республикасы білім және ғылым вице-министрі болды. Соңғы тағайындалуға дейін 2019 жылдың қаңтарынан бастап Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Сонымен бірге, ҚР Конституциясының 87-бабы 5-тармағына сәйкес жаңадан сайланған ҚР Президенті қызметіне кіріскенде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыс әкімдерінің өкілеттігі тоқтатылады. Бұл туралы Президент арнайы қаулы жариялады және Нұр-Сұлтан қаласының жаңа әкімін тағайындады.

Елорданың әкімі лауазымына Батыс Қазақстан облысының әкімі болған Алтай Көлгінов бекітілді.

Алтай Сейдірұлы Көлгінов 1978 жылы дүниеге келген. Ол А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Абердин университетін бітірген. Мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі, халықаралық коммерциялық құқық магистрі атанған. 2000 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде қызмет еткен. 2001-2008 жылдары ҚР Әділет Министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі және Бас прокуратура органдарында әр түрлі лауазымда қызмет атқарады. 2008-2010 жылдары - «АлашМедиаГрупп» ЖШС бас директорының орынбасары. 2010-2012 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің аймақтық-ұйымдастыру және мемлекеттік бақылау жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды. 2012-2013 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2013-2016 жылдары Орал қаласының әкімі қызметінде болды. 2016 жылдың 26 наурызынан Батыс Қазақстан облысының әкімі болған.

Тиісінше, Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметіне Алтай Көлгіновтың бірінші орынбасары болған Ғали Есқалиев тағайындалды.

Ғали Есқалиев 1970 жылы туған, білімі жоғары. Батыс Қазақстан аграрлық университетін «экономика», Халықаралық бизнес академиясын «менеджмент» мамандығы бойынша бітірген. Әр жылдары «Тұран-Әлем банк» АҚ Орал қаласындағы филиалында маман, бөлім басшысы, «Темірбанк» АҚ филиалының директоры, БҚО Кәсіпкерлікті қолдау және даму департаментінің директоры, «Қазақстан даму банкі» АҚ атқарушы директоры, вице-президенті, басқарма төрағасы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, Астана қаласы әкімдігі қалалық Ортаны регенерациялау басқармасының басшысы, Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып жұмыс істеген.

Өңірлік тағайындаулар арасында Маңғыстау облысын да атап өтуге болады. Президент Жарлығымен Маңғыстау облысының әкімі болып Серікбай Трұмов тағайындалды.

Серікбай Телгенұлы 1964 жылы Гурьев облысында туған. 1992 жылы инженер-құрылысшы мамандығы бойынша В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын тәмамдады. 1981-1990 жж. - «Маңғышлақауылқұрылыс-12» тресінде әртүрлі қызметтерде болған; 1990-1994 жж. - «Маңғышлақауылқұрылыс-12» тресінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі; Қазақстан ЛКЖО Форт-Шевченко қалалық комитетінің бірінші және екінші хатшысы, оқу-өндірістік комбинатының оқытушысы; 1994-1995 жж. - Түпқараған аудандық мәслихатының бас маманы; 1995-2004 жж. - «Түпқараған» ЖШС жетекші инженері, бөлім бастығы, директоры; 2004-2006 жж. - Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының әкімі; 2006-2008 жж. - Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары; 2008-2012 жж. - Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының әкімі; 2012-2015 жж. - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының әкімі; 2015 жылдың 10 шілдесінен бастап - Ақтау қаласының әкімі. 2017 жылдан Маңғыстау облыстық маслихаттың хатшысы болған.

Аптаның тағы бір басты жаңалығы - Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің екіге бөлінуі болды. Агенттікті басқарған Алик Шпекбаев ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы лауазымында қалды.

Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы болып Анар Жайылғанова тағайындалды.
Анар Жайылғанова 1969 жылы 10 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Шар ауданы Белтерек ауылында туған. 1986 жылы Белтерек ауылының орта мектебін тәмәмдап, осы жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне түсіп, 1991 жылы үздік аяқтады. 1999 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің аға сарапшысы лауазымына ауысты. 2000 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының кеңесшісі, 2004 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы болып қызмет атқарды. 2008 жылы 13 наурызда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Қаулысымен Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі болып тағайындалды. 2002 жылы «Қазақстан Республикасында сот қызметін ұйымдастыру-құқықтық қамтамасыз ету» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады.

Одақ бөлек, ҚР Президентінің Іс басқарушысы болып Ерлан Баттақов тағайындалды.

Ерлан Еркенұлы Баттақов 1969 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1992 жылы Қарағанды политехникалық институтын құрылыс өнімдерін өндіру мамандығы бойынша тәмамдаған. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік статистика комитеті мен Еңбек министрлігінің Республикалық салааралық біліктілікті жоғарылату институтында «бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығын меңгерген. Еңбек жолын 1992 жылы Қарағанды политехникалық институтында құрылыс бұйымдары мен конструкциялар өндірісі кафедрасының зерттеуші қызметкері болып бастаған. 1995 жылы «Алатау Инвест» инвестициялық өндірістік қорының бас маманы. 1996 жылы ҚР Ұлттық бағалы қағаздар жөніндегі комиссиясы Бағалы қағаздар нарығын реттеу басқармасының маманы, бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметті лицензиялау бөлімінің бастығы лауазымын атқарған. 1996-2007 жылдары «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ-ның бас маманы, бөлім бастығы, басқарма бастығы, қаржылық директоры. 2007-2008 жылдары ҚР Президенті Іс Басқармасының бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және қаржыландыру бөлімі қаржы - талдау секторының меңгерушісі. 2008-2010 жылдары ҚР Президенті Іс Басқармасының бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және қаржыландыру бөлімінің меңгерушісі. 2010-2012 жылдары ҚР Президентінің Іс Басқармасы қаржы-экономикалық бөлімінің меңгерушісі. 2012 жылдың қыркүйегінен бастап ҚР Президенті Іс Басқарушысының орынбасары болған.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - ҚР Қаржы министрінің бұйрығымен облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары бойынша Экономикалық тергеулер департаменттерінің басшылары тағайындалды. Жаңа басшылардың кандидатуралары ҚР Президентінің жанындағы Құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты мәселелері жөніндегі комиссия және ҚР Премьер-министрімен келісілді.

Жоғары қарай