Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 386.77
EUR 427.26
RUB 6.00
CNY 54.56

Қазақстандықтардың 3 млн теңге мен автокөлік ұтып алуға мүмкіндігі бар

2019 жылдың 21 тамыз 2019 16:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2019 жылдың 21 тамызынан 30 қарашасына дейін «Түбіртекті талап ет те – жүлдені ұтып ал!» жыл сайынғы акцияcында 3 000 000 теңге және автокөлік ойынға салынады. Бұл туралы ҚазАқпарат Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Акцияның мақсаты – азаматтық белсенділікті арттыру, тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің тұтынушылары ретінде өз мүдделерін қорғау мәселелерінде азаматтардың құқықтық мәдениетін тәрбиелеу, көлеңкелі экономиканың мөлшерін қысқарту, сондай-ақ кәсіпкерлер арасында әділ бәсекелестікті ынталандыру.

«Акцияға онлайн-БКМ фискалды чегінің деректерін жіберу жолымен тауардың, жұмыстың немесе қызметтің тұтынғанын растаған Қазақстан азаматтары қатыса алады. Чекті жібергеннен кейін қатысушы 5 000 теңгеге дейінгі қаражатты бірден телефон теңгеріміне алу мүмкіндігін алады. Жедел сыйлықтардың жүлде қоры 3 000 000 теңгені құрайды. Барлық жіберілген чектер акцияның бас жүлдесі - автокөлік ұтыс ойынына қатысады. Егер фискалды чек берілмеген жағдайда, азаматтар бұл бұзушылықтарға видео арқылы шағым жасауы мүмкін. Акция кезінде ұтысқа онлайн бақылау- кассалық машинасының фискалды чектері қатысады»,- делінген Комитет хабарламасында.

Бас финал жылдың соңында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде өтеді. Онда бағалы сыйлықтар, оның ішінде бас жүлде – автомобиль ұтысқа салынады. Ұтыс жеңімпаздары чекті кездейсоқ таңдау әдісімен анықталатын болады. Осылайша, қатысушы қаншалықты көп чек жіберсе, жүлдені ұтып алу мүмкіндігі де соншалықты өсе түседі.

Акция кәсіпкерлердің қолма-қол ақшамен тауарларды сатып алғаны, жұмыстарды орындағаны және қызметтерді көрсеткені үшін ақшалай есеп-айырысулар кезінде чектердің беруін қамтамасыз етуге бағытталған.


Жоғары қарай