Ауа райы
Нұр-Сұлтан 19 °С
Алматы 33 °С
валюта бағамы
USD 378.65
EUR 430.07
RUB 6.00
CNY 55.10

Қазақстанға қандай елдерден туристер көп келеді

2019 жылдың 17 наурыз 2019 17:09 1122

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда туризм саласын жаңа өзгерістер күтіп тұр. Салалық мемлекеттік бағдарлама әзірленді, Парламентке жаңа заң жобасы енгізілетін болады. Бұл туралы «Кazakh Tourism» компаниясында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әсіресе, Алматыдағы тау туризміне алдағы уақытта 1 миллиард доллар ақша бөлу қарастырылып отыр.

«Қазақстандағы туризм үш бағыт бойынша өркендеуде: 2018 жылдың үш тоқсанының қорытындысына сәйкес, көшпелі туризм өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға (8,2 млн туристке дейін), кірмелі туризм 16,6 пайызға (6,8 млн адамға), ішкі туризм 5,8 пайызға (4,6 млн туристке) артқан. Ішкі туристердің 78,3 пайызы (3,4 миллион адам) қонақүй, мотель, демалыс үйлері мен өзге туристік базалардың қызметін пайдаланған. Туристердің 16,3 пайызы (710 мың адам) табиғи қорықтар мен басқа да күзетілетін табиғи аумақтарға баруды қолай көрген. Туристердің 5 пайызы (235,9 мың турист) шипажайлы-курортты мекемелерде демалған», - делінген компанияның баспасөз хабарламасында.

«Кazakh Tourism» АҚ Басқарма төрағасы Рашит Күзембаевтың атап өтуінше, 2018 жыл бойы ішкі туризмнің өсімі 5 пайызды құраған. Кірмелі туризм бойынша да көрсеткіш өскен.

Туристік әлеуетті арттырудың арқасында Қазақстанға БАӘ-дан (50%), Үндістаннан (49%), Малайзиядан (44%), Гонконгтан (22%), Польшадан (16%), Оңтүстік Корея (15%) мен АҚШ-тан (5,8%) келетін туристердің саны артқан. Германия мен Ұлыбританиядан саяхаттайтындар бұрынғы деңгейде қалған.

Мемлекет басшысы 2018 жылдың 5 қазанында Қазақстан халқына Жолдауында туризмді дамыту бойынша жеке салалық мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын. Рашит Күзембаевтың  хабарлауынша, бағдарламаны әзірлеу жұмысы финалдық сатыға жақындап қалған. Алдағы үш-төрт айдың ішінде бағдарлама толық даяр болады. Бұған қоса, туризм бойынша заң жобасы дайындалған. Қазіргі уақытта ол құжат мақұлдау сатысында. Алдағы жарты жылдың ішінде оны Парламентке енгізу көзделіп отыр.

Еске сала кетерлігі, 2017 жылы Қазақстанда 2023 жылға дейін туристік саланы дамыту тұжырымдамасы қабылданып қойған болатын. Ол тұжырымданың негізгі міндеттеріне ішкі және кірмелі туризмді дамыту, аймақтық мәдени-туристік кешендерін дамыту, мемлекеттің экономикасына туристік саланың салатын үлесін арттыру, инвестицияларды ынталандыру, ұлттық туристік брендті қалыптастыру жұмыстары енген.

2018 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда қонақүйлер мен отельдердің, өзге де тұруға арналған орындардың саны 3,3 мыңға, яғни 2017 жылдың көрсеткішінен қарағанда 11,6 пайызға өскен.  Олардың ішінде ең көп салынғаны - мейрамханасыз қонақ үй (1,26 мың). Бұдан бөлек, туристердің қабылдауға әзір бір қабатты бунгало, үйлер мен коттедждердің саны 1 мыңға жеткен.

«Мемлекет басшысы маркетингті коммуникацияның тиімділігін арттыру үшін басымдыққа ие негізгі туристік аумақтарды айқындап берген болатын. Яғни, алдағы уақытта Алматының тау кешенін, Шортанды және Бурабай демалыс аумағын, Түркістан, Алакөл, Маңғыстау, Баянауыл мен Балқаш, Шалқар Имантау демалыс аумақтарының туристік әлеуетін арттыруға маңыз беріледі», - деп хабарлайды «Кazakh Tourism» АҚ.

 

 

Автор: Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Туризм, Қоғам,
Жоғары қарай