Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

Қазақстанның экономикасы үдемелі өсімді сақтап қалады – ҚР Президенті

2019 жылдың 25 қыркүйек 2019 23:50

НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында өткен Тұрақты даму мәселелері жөніндегі жоғары деңгейлі Форумында Қазақстанның басты мемлекеттік саясаты туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық саясатының 2030 жылға дейінгі тұрақты даму міндеттемелеріне толықтай сәйкес келетінін айта аламын. Әлемдік нарықтың әралуандығына қарамастан Қазақстанның экономикасы үдемелі өсімді сақтап қалады», - деді Қазақстан Президенті жиында. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның тұрақты экономикалық өсімге, инклюзивті қоғам құруға, таза экологияны сақтауға және тиімді әрі есеп беретін институттар құруға қол жеткізе алатынына сенім білдірді.

Мемлекет басшысы осы міндеттерді жүзеге асыру аясында, «халықтың үніне құлақ асатын ммлекет» тұжырымдамасының қолға алынғаны туралы айтты. Оның басты міндеті - үкімет пен халық арасындағы диалогты қамтамасыз ету.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы білім жүйесін жаңғыртудың, жасыл және цифрлы экономиканы, қарқынды түрде инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығына баса назар аударды.

Оның айтуынша, бұл бағыттар жалпы адамзаттың өркендеуі мен экономикалық жетістіктерге жетудің қуатты қозғаушы күші болмақ. Қазақстан Президенті біздің елдің тәжірибесінде Тұрақты даму мақсаттарының 80% Қазақстанның стратегиялық бағдарламаларында көрсетілгенін атап өтті.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының Жалпы дебаттарында сөз сөйлегенін хабарлаған болатынбыз.

БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Болгария Президенті Румен Радевпен, Польша Президенті Анджей Дудамен, Грузия Президенті Саломе Зурабишвилимен, Украина Президенті Владимир Зеленскиймен кездесті.

Жоғары қарай