Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 386.30
EUR 428.14
RUB 6.08
CNY 54.87

Кентауда қуаты 50 МВт болатын күн электр стансасы салынады

2019 жылдың 2 ақпан 2019 16:21

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ресейлік «HEVEL KAZAKHSTAN» ЖШС директоры Павел Агафоновпен кездесті. Басқосуда тараптар күннен қуат алатын стансалар салу ісі бойынша әңгіме өрбітіп, Кентау қаласында қуаты 50 МВт болатын күн электр стансасын салуға уағдаласты. Жоба құны - 50 млн АҚШ доллары, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ащысайдың Қотырбұлақ елдімекенінен бой көтеретін нысанға әкімдік тарапынан 200 гектар жер телімі берілетін болды. Құрылыс жұмыстарын ертерек бастауды жүктеген аймақ басшысы күн электр стансасы салынып біткенде, оның бағасы бәсекеге қабілетті болуын және ең бастысы халыққа тиімді болуы тиістігін жеткізді. Шетелдік компания жетекшілерімен өзара әңгімеде мұндай стансаларды болашақта Ордабасы ауданынан да салу мәселесі сөз болды.

2009 жылы негізі қаланған «Хевел» компаниялар тобы - күн энергетикасы саласында Ресейдегі ең ірі интеграцияланған компания. Серіктестіктің негізгі қызметі күннен қуат алу ісінде ғылыми-зерттеу жұмыстары мен күн электр стансаларын салып, оны пайдалану, жоғары технологиялы күн модульдерін өндіруге бағытталған. Аталған зауыт жыл сайын ұяшықтың тиімділігі 22% - дан жоғары болатын 160 МВт гетероқұрылымдық күн модульдерін шығарады. Компаниялар тобы басқаратын жобалардың көлемі 907,5 МВт құрайды.

Тиісті жұмыстардың нәтижесінде, «Хевел» компаниялар тобы 2019-2020 жылдары Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде қуаттылығы 70 МВт болатын күн генерациясын салу құқығына ие болған-ды. Осылайша, өткен жылдың желтоқсан айында Мәскеуде өткен инвестициялық форум аясында «Түркістан» ӘКК, «Turkistan Invest» пен «Хевел» компаниясының арасында Түркістан облысында күн электр стансасының құрылысы туралы Меморандумға қол қойылған болатын.

Жоғары қарай