Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

ҚХА былтыр 500 мың адамды қамтыған қайырымдылық шарасын өткізді - министр

2019 жылдың 2 мамыр 2019 21:29

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы 10 мыңға тарта қайырымдылық көмек шарасын қолға алып, оған жарты миллион адам қамтылды.

Бұл мәліметтерді «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының 27-ші сессиясының күн тәртібінде маңызды мәселелер көтерілді. Әлбетте, Тұңғыш Президент - ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзі сессия жұмысының маңызын арттыра түсті. Онда этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту бағытында нақты шаралар аталды. Келесі жылы осы бірегей институт өзінің ширек ғасырлық тарихын артқа тастайды. Бұл - өте үлкен жол. Бүгінгі күні ҚХА - біздің елдегі саяси жүйенің ықпалды әрі толық құқылы субъектісі», - дейді министр.

Дәурен Абаевтың сонымен қатар өзі жетекшілік етіп отырған ведомствоның ҚХА-мен бірге атқарар жұмыстары туралы айтты.

«Біздің министрлік қайырымдылық саласын регламенттеу жұмысын жүргізеді. Ол салада ҚХА-ға ерекше орынның берілері анық. 2018 жылы ғана Ассамблея 10 мыңға тарта қайырымдылық көмек шарасын қолға алып, онымен жарты миллион адам қамтылды. Сонымен бірге, біз ҚХА-ның медицация саласындағы әлеуетіне ерекше маңыз беріп отырмыз. Қазіргі таңда аймақтарда Ассамблеяның медиация кабинеттері мен орталықтары толыққанды жұмыс істеп тұр. Олар 2018 жылы 15 мыңға тарта кеңес жұмысын жүргізді. Яғни, 15 мыңға тарта дау реттелді. Жалпы, бұл бағыттағы жоспардың бәрі ауқымды. Біз жұмысты жалғастыра береміз», - дейді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, өткен аптада ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өткен болатын.

Бейбітшілік және келісім сарайында өткен сессияға 1 500-ден астам адам жиналды. Олардың ішінде бүкіл өңірлерден келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауым және БАҚ өкілдері болды.

Жоғары қарай