Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

ҚХЛ: «Барыс» алғашқы жеңісіне қол жеткізді

2019 жылдың 5 қыркүйек 2019 22:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы екінші ойынында Хабаровскінің «Амур» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, 1 қыркүйекте биылғы құрлықтық хоккей лигасы ойындары жалауын көтерді. «Барыс» алғашқы кездесуін өз айдынында Владивостоктың «Адмиралымен» өткізіп, қарсыласына 1:3 есебімен жол берді.

Ал «Амур» дәл сол күні Новосібірде жергілікті «Сибирь» командасынан 1:2 есебімен жеңіліп қалды.

Сондықтан бүгінгі кездесу ойын басынан тартысты өрбіді. Есепті алғаш болып «Амур» хоккейшілері ашты. Оны 18-минутта Томаш Загорна орындады. Ал екінші кезеңнің 25-минутында «Барыс» хоккейшісі Антон Сагадеев таразы басын теңестірді. Ал 30-минутта «Амур» сапынан Игорь Руденков қайтадан өз командасын алға шығарды. «Барыс» жігіттері 32-минутта тағы да таразы басын теңестірді. Соғылған шайба Алексей Маклюковтың еншісіне жазылды.

Соңғы кезеңде айдын иелері ойын тізгінін бірден қолға алуға тырысты. Қарсыластар қақпасы маңында жиі шабуыл ұйымдастырды. Нәтижесінде Қазақстан командасы сапынан Корбан Найт гол соқты.

Айта кетейік, ол команда құрамына биыл қосылды. Өткен «Адмиралмен» кездесуде де бір голдың авторы атанған еді. Канадалық хоккейші бұдан бұрын Ұлттық хоккей лигасында ойын көрсетті. АҚШ-тың «Филадельфия Флайерс», «Флорида» және Канаданың «Калгари» командаларының намысын қорғады.

Осылайша «Барыс» клубы «Амурды» 3:2 есебімен тізе бүктірді.

«Барыс» ендігі төрт ойынын сыртта өткізеді. Алдымен 8 және 9 қыркүйекте Қытай астанасы - Бейжің қаласында жергілікті «Куньлунь Ред Стар» комндасымен екі кездесуде айдынға шығады. Ал 11 қыркүйекте сыртта бүгінгі қарсыласы - «Амурмен» кездессе, 13 қыркүйекте «Адмиралмен» ойнайды.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт, Қоғам,
Жоғары қарай