Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 389.34
EUR 428.78
RUB 6.05
CNY 55.45

ҚХЛ: «Барыс» екінші ойын қатарынан жеңіліп қалды

2019 жылдың 16 қазан 2019 22:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Латвияның «Динамо» (Рига) командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Латвиялық команда турнир кестесінде көш соңында келеді. Соған қарамастан олар бүгін «Барыс» командасына лайықты қарсылық көрсетті.

Бірінші кезеңде елордалық клубтың басымдығы байқалды. Десе де қос команда да бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Екінші кезеңнің 25-минутында «Динамо» ойыншысы Рихард Маренис өз командасын алға шығарды. Бұдан кейін 31-минутта «Барыс» сапынан Әлихан Әсетов таразы басын теңестірді. Ал 34-минутта «Динамо» тағы да гол соғып кетті. Оны латыш хоккейшісі Лаурис Дарзиньш өз еншісіне жазды.

«Барыс» үшінші кезең бастала салысымен тағы да таразы басын теңестірді. Ойынның 41-минутында Роман Старченко мергендік танытты. Ал 48-минутта латыш хоккейшісі Картер Эштон гол соғып кетті. Ойынның 54-минутында Әлихан Әсетов кездесу барысындағы өзінің екінші голын қақпаға енгізді. Есеп 3:3. Соңғы минуттарда қос команда да жеңіске жету жолын іздеді. Кездесу овертаймға ұласты. Овертаймда латыш командасынан Кристарс Сотниекс жеңіс шайбасын соғып кетті. Нәтижесінде «Барыс» қарсыласына 3:4 есебімен жеңіліп қалды.

Енді «Барыс» елордада бір ойын өткізеді. Олар 20 қазанда Подольскінің «Витязь» клубтарымен мұз айдынға шығады. Елордалық клуб одан кейін үш кездесу қатарынан сырт айдында ойын көрсетеді. Алдымен 22 қазанда Беларусьтің «Динамо» (Минск), 24 қазанда Ресейдің «Локомотив» (Ярославль), «Ак барс» (Қазан) командаларымен кездеседі.

Бұдан бұрын «Барыс» елорадада Ресейдің «Адмиралынан» 0:1 есебімен жеңіліп қалған еді.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт, Қоғам,
Жоғары қарай