Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.94
EUR 433.50
RUB 6.10
CNY 55.13

ҚХЛ: «Барыс» Қытай командасын жеңді

2019 жылдың 9 қыркүйек 2019 19:46

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынында елордалық «Барыс» командасы Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» клубымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл ойын Қытайдың Шэньчжэнь қаласында Универсиаданың спорттық орталығында өткізілді.

Естеріңізге сала кетелік, 8 қыркүйекте өткізілген кездесуде «Барыс» аталмыш қарсыласынан 0:1 есебімен жеңіліп қалған еді. Сондықтан қазақстандық ұжым сол кеткен есені қайтаруға тырысты.

Қос команда алғашқы кезеңде шабуыл шебіне көбірек көңіл бөлді. Дегенмен бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Екінші кезең өте тартысты өрбіді. Нәтижесінде қос қақпаға төрт шайба соғылды. Алғашқы екі шайбаны «Барыс» хоккейшілері соқты. Оны 23-минутта Даррен Диц, 27-минутта Адам Хелука орындады. Десе де одан кейін айдын иелері намысқа тырысып, таразы басын теңестіріп кетті. «Куньлунь Ред Стар» сапынан алдымен 34-минутта Брэндон Ип, 39-минутта Итан Верек қанжығасын майлады. Осылайша екінші кезең 2:2 есебімен тең аяқталды.





Үшінші кезеңде «Барыс» тағы да ширақ қимылдай білді. Нәтижесінде 47-минутта Никита Михайлис өз командасын алға шығарды. Осылайша «Барыс» қарсыласын 3:2 есебімен жеңді.

«Барыс» ендігі екі ойынын сыртта өткізеді. Алдымен 11 қыркүйекте Хабаровскіде «Амурмен» кездессе, 13 қыркүйекте Владивосткота «Адмиралмен» ойнайды. Одан кейін 17 қыркүйекте Алматы қаласында Ресейдің «Спартак», 20 қыркүйекте Челябінің «Трактор» командаларын қабылдайды.
Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай