Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 386.30
EUR 428.14
RUB 6.08
CNY 54.87

ҚХЛ: «Барыс» «Йокериттен» ірі есеппен басым түсті

2019 жылдың 2 ақпан 2019 19:29

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Финляндияның «Йокерит» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі команда бүгінгі күнге дейін сегіз мәрте шеберлік байқасқан. Қуаныштысы, жеңіске жету жөнінен «Барыстың» қоржыны қомақты. Астаналық хоккейшілер бес мәрте басым түссе, қарсылас клубтың үш мәрте мерейі үстем болды. Айта кетерлігі, соңғы үш ойында «Барыс» «Йокеритті» тізе бүктірген еді. Биылғы құрлықтық хоккей лигасында 2018 жылдың 23 қарашасында Финляндияның Хельсинки қаласында біздің команда оларды 2:1 есебімен жеңген еді.

Фин хоккейшілері бүгінгі кездесуде сол кеткен есені қайтаруға тырысты. Есепті алғаш болып «Йокерит» комндасы ашты. Кездесудің 7-минутында Сакари Маннинен фин клубын алға шығарды. Дегенмен бірінші кезеңде «Барыс» таразы басын теңестіріп кетті. Кезекті шабуылдың бірінде Әлихан Әсетов қарсыластар қақпасынан саңылау тапты.

Екінші кезеңде астаналық клуб алға шықты. Кездесудің 22-минутында Брэндон Боченски қақпаны дәл көздеді. Есеп 2:1. Фин хоккейшілері де алға ұмтылды. Олардың қатарынан 35-минутында Петер Регин есепті теңестірді. Десе де екінші кезең «Барыстың» басымдығымен мәресіне жетті. Астаналық шабуылшы Андре Петерссон қанжығасын майлады. Есеп 3:2.

Үшінші кезеңде ойын тізгінін «Барыс» өз қолында ұстады. Бар-жоғы 9 минут ішінде олар қатарынан төрт шайба соғып кетті. Алдымен Роман Старченко 41, Андре Петерссон 43, Никита Михайлис 44, Егор Петухов 46-минутта мергендік танытты. Ао 50-минутта Мэттью Фрэттин қорытынды есепті белгіледі. Есеп 8:2. «Барыс» бүгінгі қарсыласын ірі есеппен тізе бүктірді. Осылайша олар Чернышев дивизионында Омбының «Авангардын» артқа салып, көш басын шықты. Жалпы турнир кестесінде бесінші орынға көтерілді.

Бұдан бұрын 31 қаңтарда «Барыс» Астанада Санкт-Петербургтің СКА косандасынан 2:3 есебімен жеңіліп қалған болатын.

«Барыс» енді Астанада төрт ойын өткізеді. Алдымен 4 ақпанда Уфаның «Салават Юлаев» клубымен шеберлік байқасады. Одан кейін біздің командаға 12 ақпанға дейін аздаған үзіліс болады. «Барыс» 12 ақпанда Новосібірдің «Сибирь», 14 ақпанда Қытайдың «Куньлунь Ред Стар», 16 ақпанда Омбының «Авангард» клубтарымен шеберлік байқасады.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай