Ауа райы
Нұр-Сұлтан 27 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 378.38
EUR 431.05
RUB 6.02
CNY 55.00

ҚХЛ: «Торпедо» «Барыстан» есе қайтарды

2019 жылдың 2 наурыз 2019 22:43 952

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасы плей-офф кезеңінде Нижний Новгородта жергілікті «Торпедо» командасымен үшінші кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, алғашқы екі кездесу Астана қаласында болып өтті. Оның екеуінде де біздің команда жеңіске жетті. Алдымен 26 ақпанда «Барыс» «Торпедоны» 4:1 есебімен жеңсе, 28 ақпанда біздің жігіттер аталмыш қарсыласын 5:4 есебімен тізе бүктірді.
Алғашқы екі кездесуде жеңілген «Торпедо» бүгінгі ойында барын салатыны анық еді. Ойынның алғашқы минуттарынан сондай жігерлі қимыл көрсетуге тырысты. Дегенмен оған «Барыс» жігіттері де тегеурінді қарсылық көрсете алды.

Ойынды есепті астаналықтар ашты. Екінші кезеңнің 29-минутында Мэттью Фрэттин қарсыластар қақпасын дәл көздеді. «Торпедо» екінші кезеңде таразы басын теңестіріп, одан кейін алға да шықты. Алдымен 33-минутта Денис Баранцев, 38-минутта Филип Хольм шайба соғып кетті.
Үшінші кезеңде қос команда да алға қарай ұмтыла түсті. «Торпедо» тағы да шайба соғып, кездесу тағдырын түбегейлі шешіп тастауға тырысса, «Барыс» таразы басын теңестіруге ұмтылды. Соңғы минуттарда «Торпедо» қақпашысы Барри Браст өрескел қателік жіберді. Оны біздің жігіттер пайдалана алған жоқ. Ал ойынның бітуіне шамалы қалғанда «Барыс» қақпашысын алтыншы ойыншыға алмастырды. Бос қақпаға «Торпедо» хоккейшілері шайба соғып кетті. Ол Денис Баранцевтің еншісіне жазылды. Есеп 3:1. Бүгінгі кездесуде «Торпедо» жеңіске жетті. Ойындар сериясы 2:1 есебімен әзірге «Барыстың» пайдасында тұр.

Енді 4 наурызда Нижний Новгород қаласында тағы бір кездесу болады. Одан кейін 6 наурызда Астанада, одан кейін 8 наурызда Нижний Новгородта ойындар болады. Алты кездесуде жеңімпаз анықталмаған жағдайда 10 наурызда соңғы шешуші ойын елорда төрінде өткізіледі.

Автор: Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай