Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

Киберспорт пен робот техникасын дамытамыз - Асхат Аймағамбетов

2019 жылдың 9 тамыз 2019 20:15

АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқушыларына қосымша білім беру туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл біз қосымша білім беруді дамытудың тұжырымдамалық негізін бекіттік. Даму жоспары бар. Өткен жылы Петропавлда оқушылар сарайы ашылды, қазір Қарағанды, Көкшетау және басқа да көптеген қалаларда үлкен оқушылар сарайларының құрылысы басталды», - деді Асхат Аймағамбетов.

Бұл оқушылар сарайларының балаларға берері көп.

«Оқушылар сарайындағы жас натуралистер, жас техниктер, өнер және музыка үйірмелері оқушыларға арналған. Мұнда келуге ешкімді мәжбүрлемейді, мұнда рейтинг жоқ. Десекте, біздің барлық оқушылар сарайлары мен қосымша білім беру ұйымдары балаларға лық толы. Кезекке тұрғандар саны да айтарлықтай. Бұл тағы да біздің жұмысымыздың маңыздылығын көрсетеді. Бірақ мені бір нәрсе мазалайды. Статистиканы қарадым. Еліміз бойынша 2019 жылдың бірінші қаңтарында1303 қосымша білім беру ұйымы болған. Қазір 1262-сі қалыпты, бұл өте алаңдатарлық жәйт. Білім бөлімінің кейбір басшылары, өкінішке орай, оңтайландыру мәселелерін шешіп алды. Орта білім саласындағы ұйымдарды, әсіресе қосымша білім беру ұйымдарын оңтайландыру қажет деп айтылған жоқ», - деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ, ол қосымша білім балаларға қажетті дағдыларды игеруге ықпал ететінін жеткізді.

«Біз үшін бұл бағдарламаны әзірлеу және қолдау өте маңызды. Робототехниканы дамыту қажет. Біз бұған көп күш жұмсаймыз. IT-мектептер ашамыз. Сонымен қатар, басқа бағыттарды ескеру керек. Бұл туристік және өлкетану бағыттары, музыка, сурет мектептері, жас техниктер секциясы, жас натуралистер және басқалар. Жалпы, әр түрлі салаларды дамыту керек. Спорт бұл бүгінгі күннің ажырамас бөлігі екенін түсінуіміз керек. Біз ойын алаңдары арқылы білім беруді дамытуымыз керек. Бұл үшін бізде үйлестіру кеңесі бар және біз бұл жұмысты жандандырамыз», - деді министр.

Айта кету керек, бүгін ҚР Білім және ғылым министрі «Ғаламдық құндылықтар және Қазақстан білімі мен ғылымының сапасы» атты республикалық форум аясында «Балаларға қосымша білім беру: мемлекеттік білім беру саясатының жаңа міндеттері мен векторлары» секциясына қатысты.


Жоғары қарай