Ауа райы
Нұр-Сұлтан 7 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

Қоғам мен билік арасындағы ашық диалогтың қажеттілігі арта түсті - министр

2019 жылдың 28 наурыз 2019 21:23 940

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы жұмыс сапарын неліктен Түркістан облысынан бастағанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шымкент қаласымен бірге қосқанда Түркістан облысы - Қазақстандағы халық ең көп тұратын, халықтың тығыздығы өте жоғары, әсіресе инвестиция тарту жағынан даму келешегі орасан зор аймақ саналады. Түркістан біздің елдің тұрғындары үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін киелі мекен екенін ұмытпайық. Бұл ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы халықпен кездесу кезінде жергілікті деңгейдегі шаруалармен бірге жалпы елдің деңгейіндегі жұмыстар туралы сөз қозғады. Мәселен, мемлекет пен халықтың қарым-қатынасының қағидаттарын қайта қарау міндеті тапсырылды. Бүгінгі таңда билік пен қоғамның арасындағы ашық әрі түсінікті диалогтың айқын қажеттілігі айтарлықтай арта түсті. Әлеуметтік сұраныстың қажеттіліктерін дәстүрлі амал-әдістер қанағаттандыра алатын емес», - деді Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің айтуына қарағанда, осы себепті аталған қарым-қатынастың жаңа форматтары енгізілуі әбден ықтимал.

«Президент сонымен бірге жемқорлықпен күрес мәселесіне, елдің экономикалық дамуы мен өткір әлеуметтік мәселелерді шешуге жеке тоқталғанын атап өткім келеді», - деді ол.

Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының атқарушы орган басшыларымен, ардагерлер және зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Президент алғашқы сапарын неліктен Түркістаннан бастағанын түсіндірген еді.

Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш сапар кезінде оңтүстік жұртшылығына жоспарларын айтып берді.

 

 

Жоғары қарай