Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

Қонақүйлер шетелдік қонақтары туралы ақпарат беруге міндеттеледі

2019 жылдың 19 желтоқсан 2019 16:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шетелдіктер бес күннің ішінде Қазақстанда тіркелу туралы міндеттен босатылады. Бұл шаралар қонақүйлерге міндеттелмек. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде шетел азаматтары бес күн ішінде көші-қон органдарында тіркеуден өтуі тиіс. Енді бұл норма жойылады. Қонақүйлер және қабылдаушы тарап шетел азаматының келгені жайында көші-қон органдарына өздері хабарлауы тиіс болады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның қонақжайлығына оңтайлы әсер етеді. Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін көңіл көншітпейтін оқиғалар болған, яғни қонақүйлер тексеріліп, рейдтер барысында азаматтардың тіркеуі тексерілген еді. Осы жағдайлар инвестициялық тартымдылыққа әсер етіп, басқа да салдарға алып келуі мүмкін», - деді М. Ахметжанов Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Оның сөзіне қарағанда, енді қабылдаушы тарап көші-қон органдарына қоныстанған адамдар туралы мәлімет беруге міндетті болады, ал шетел азаматтары бұл міндеттен босатылады. Егер де қабылдаушы тарап немесе қонақүй тиісті ақпаратты бермесе, онда әкімшілік кодекстегі жауапқа тартылады.

«Басты мақсат - шетелдік туристерді осындай міндеттен босату. Шетел азаматтары тіркелетін органды іздеп, әуреге түспейді. Бұл норма тек шетел азаматтарына қатысты болып отыр», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Жоғары қарай