Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

Көпшілік волонтерлікті «тегін жұмыс күші» деп ойлайды – Богдан Петров

2020 жылдың 13 ақпан 2020 10:11

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Көп адамдар волонтерлікті «тегін жұмыс күші» деп ойлайды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне М. Қозыбаев атындағы СҚМУ «Sanaly urpaq» жобалық кеңсесінің комплаенс академ офицері Богдан Петров айтып берді.

Богдан Петров – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ «Журналистика» мамандығының магистранты. 2014 жылы оның есімі «Қазақстан үміті» кітабына енгізілді. Белсенді жас 2017 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Жастар ісі жөніндегі комитетін басқарған. Бүгінде жоғары оқу орнындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының ғылыми-әдістемелік кеңесінің мүшесі. Қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлейді.

- Солтүстік Қазақстан облысында волонтерлік қозғалыс қандай бағыттарда дамуда?

- Волонтерлік ұғымы енді-енді құлаққа сіңісті болып жатқанымен, олардың атқарып жүрген жұмысы біздің қоғамға жат емес. Бұрын «Тимуршылар отряды» болды. Жалғызілікті, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын берді. Бұдан басқа үнемі сенбіліктер, қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылып тұрады. Оған қаншама адам қатысып, өз үлесін қосып келеді. Сол себепті әрқайсымыз аз да болса – волонтерміз. Жалпы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ волонтерлік қозғалыс былтыр құрылды. Бастапқыда тек 100 адам ғана болса, қазір қатарымыз күн сайын артып келеді. Бұдан басқа өңірдегі колледждерде, мектептерде бар. Сондай-ақ, облыстық жастар ресурстық орталығы жанында волонтерлер клубы жұмыс істейді. Осы клубпен тығыз байланыстамыз.

- Волонтерлердің белгілі бір дайындығы болуы қажет секілді, бұл мәселе қалай шешімін тауып жатыр?

- Жүйелі түрде волонтерлер үшін семинарлар, тренингтерді ұйымдастырамыз. Сондай-ақ, олар үшін нұсқаулық жасадық. Бұдан басқа волонтерлеріміз басқа қалаларға барып, республикалық, халықаралық дәрежедегі іс-шараларға қатысып, білім деңгейлерін арттырады, тәжірибе жинақтап келеді. Мәселен былтыр Омбы қаласында мемлекет басшыларының қатысуымен өткен Қазақстан мен Ресейдің XVI аймақаралық ынтымақтастық форумына волонтерлеріміз де барып, ат салысты. Жастар жылы аясында Ұлттық волонтерлік желі атынан «Ашық жүрек» республикалық байқауында іс-шараларды өткізуге шағын грантты жеңіп алдық. Біріншіден, ол - әлеуметтік тәжірибе. Адамдармен араласып, іс-шараларды ұйымдастыру арқылы өз бойыңда келешек өмірде қажет болатын дағдыларды қалыптастырып, дамытуға септігі зор.

- Бүгінде волонтер болу тиімді ме?

- Әрине, тиімді. Жаңа айтқанымдай ең алдымен ол - үлкен тәжірибе. Әрі Президентіміз биылғы жылды «Волонтерлер жылы» деп белгілегендіктен еріктілердің жұмысы ерекше бағаланбақ. Мысалы, волонтер-студенттердің шәкіртақысы жоғары болады, атқарған жұмыстары еңбек өтіліне кіреді. Кеше республикалық фронт-офистің ашылу салтанатында Президентіміз волонтерлерге арнайы жеңілдіктер болатынын баса айтты. Тіпті еңбегімен ерекшеленген еріктілер мемлекеттік наградаларға ұсынылмақ.

Жалпы, волонтерлік қозғалысты жетілдіру үшін адамдардың санасын өзгертуіміз қажет. Өйткені қазіргі уақытта көпшілік волонтерлікті «тегін жұмыс күші» деп есептейді. Дұрыс түсінбегендіктен де волонтерлікпен айналыспайды. Біз жұрттың түсінігін өзгертуге тырысамыз. Волонтерлікке ең бастысы адам өз еркімен, жүрегінің қалауымен келуі қажет.

- Биылға қандай жоспар бар?

- Жоспар көп. Университетте қазір волонтерлер үшін бірыңғай форманы енгіземіз. Волонтерлік кітапшаларды цифрландырмақшымыз. Сондай-ақ, волонтерлер үшін арнайы карталарды дайындаймыз. Осы карталар арқылы олар дүкендерде, дәмханаларда және т.б. қоғамдық орындарда жеңілдіктер алатын болады. Жалпы Президент Қ.Тоқаевпен болған кездесуден алған әсерім керемет. Волонтерлер жылында атқарылуы тиіс жұмыстар сараланды. Бізге волонтерлікті кеңінен тарату міндеті тұр. Керемет жоспарлар бар. Әрбір облыста жақсы тәжірибе бар. Негізі осы іс-шара тәжірибе алмасуға пайдалы. Біз өз облысымызға келіп, ең жақсы идеяларды өзімізде жүзеге асыруға дайынбыз.

- Істеріңізге сәттілік тілеймін! Сұқбатыңызға рахмет!


Жоғары қарай