Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 383.98
EUR 430.63
RUB 6.11
CNY 55.83

Қорғаныс министрінің орынбасары: Арыстағы жарылысты егжей-тегжейлі тексереміз

2019 жылдың 24 маусым 2019 14:28 1025

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағындағы жарылысқа байланысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қорғаныс министрлігінің өкілі осындай жағдайда бірқатар қажетті шаралар іске асырылатынын, оның ішінде эвакуациялау жұмыстары атқарылатынын атап өтті. 

«Орын алған жарылыстың ауқымы мен нақты себебі әзірге белсіз. Қазіргі кезде жарылыстың зардаптарын жою шаралары жүргізілуде. Сондықтан тексеру жұмыстары үшін тиісті уақыт қажет», - деді ол Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып. 

Бұдан бөлек Т. Дәндібаев бүгін орын алған жарылысты 2009 жылғы оқиғамен салыстыруға болмайтынын айтты.

«Қару-жарақпен, әскери техникамен байланысты шаралар үнемі белгілі бір тәуекелді туындатады. Әрине, бұл оқиғаның себептерін егжей-тегжейлі тексереміз», - деді министрдің орынбасары.

Сонымен қатар тілшілер Т. Дәндібаевтан ескірген қару-жарақтың жағдайы туралы сұрады.

«Бізде кеңестік кезеңнен қалған қару-жарақ бар. Осы орайда сақтау мерзімінен асқан қару-жарақ пен оқ-дәріні утилизациялау бойынша шараларды іске асырудамыз», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Арыс әскери бөлімнің қоймасында қуатты жарылыс болды. 

Осы орайда Шымкент қаласының ТЖД тұрғындар үшін қауырт желі ашылғанын хабарлады. 

 

 

Жоғары қарай