Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Қостанай облысында амбулаториялық емдеуге 5,8 млрд теңге бөлінді

2019 жылдың 14 қазан 2019 22:15

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Облыстағы емдеу мекемелерінің дәрі-дәрмекпен қамтылу жағдайы жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудник барлық деңгейдегі әкімдермен өткен кеңейтілген мәжілісте мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірімізде жыл сайын денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражаттың 10% дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалады. Биыл осы мақсатқа 6,9 млрд теңге бөлінген, оның 6,6 млрд теңгесі – республикалық бюджет есебінен. Мемлекет қазынасынан бөлінген сома бекітілген ережеге сәйкес аурудың 45 (туберкулез, ВИЧ-инфекция, қант диабеті, қан айналым жүйесі, психикалық, онкологиялық аурулар, эпилепсия, гемофилия, ішкі ағзаны ауыстырғаннан кейінгі жағдай, В және С жұқпалы гепатиті т.б.) түрі мен тұрғындар арасындағы иммунды шаралардың 17 түріне (қызамық, қызылша, туберкулез, көкжөтел, дифтерия, полиомиелит және т.б.) бағытталады.

«Жылдың алғашқы тоғыз айында 79 мың адамға 358 мың рецепт бойынша қызмет көрсетілді. Оған 3,5 млрд теңге жұмсалды. Бұл өткен жылғы мерзіммен салыстырғанда 10 пайызға артық. Қант диабеті, артериалды гипертензия, созылмалы жүрек соғысының жеткіліксіздігі қатарлы созылмалы аурулар қатары артып келеді», - деді В.Дудник.

Басқарма басшысының сөзінше, артериалды гипертензиямен қаралғандар саны – 47 мың, әр пациентке кететін шығын – 10 мың. Жүрек ишемиясымен ауырғандар саны – 12,5 мың, әр адамға жұмсалатын шығын – 6 мың теңге. 3,5 мың тұрғын созылмалы жүрек соғысының жеткіліксіздігінен ем қабылдаған. Әр қаралушыға 4 мың теңге жұмсалады.

«Денсаулық сақтау саласын цифрландыру мақсатында жаңа жылдан бастап рецепт айналымы қағазбастылықтан құтылады. Яғни, препарат жаздыру үшін тек жеке куәлік керек. Сондай-ақ, 2020 жылдан бастап медициналық сақтандырудың енгізілуімен тегін дәрі-дәрмек көлемін ұлғайту көзделген. Әсіресе, 18 жасқа толмағандардың тегін дәрілеріне айрықша мән берілмек. Алдағы жылға 900 түрлі тегін дәрінің тізімі министрлікте бекітілді. Қазіргі таңда дәрілерді сатып алу жұмыстары басталды. Тізімдегі 900 дәрінің 590-ы отандық фармацевтикалық өндірушілерден алынады», - деді басқарма басшысы.

Біздің өңіріміз алдағы жылға амбулаториялық емдеуге 5,8 млрд, вакцинаға 1,1 млрд, стационарлық қамтамасыз етуге 3,9 млрд теңгенің дәрілеріне тапсырыс беріліпті.

Жоғары қарай