Ауа райы
Астана -23 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Қостанай облысында Тілеп әулиенің кесенесі бой көтерді

2019 жылдың 22 қазан 2019 21:39

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Жанкелдин ауданында Тілеп әулие кесенесінің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың сөзіне қарағанда, кесене құрылысы демеуші қаржысына салынды.

Бұл нысан облыстық маңызы бар орындардың қатарына енеді. Құрылыс жұмыстарына 10 млн теңге жұмсалды.

«Тілеп Аспантайұлы 13 жасынан қобызда ойнай бастаған дейді. Әйгілі Қойлыбайдың шәкірті болған. Қазақтың музыка өнерінің дамуына зор үлес қосты. Біздің заманымызға оның тек үш күйі ғана сақталып жеткен. Олар музыкалық мұраның алтын қорына енген. Тілеп Аспантайұлы атақты емші, көріпкел ретінде де танымал. Өзеннің арғы бетіндегі киіз үйді бергі бетке көшіретін бақсылығы да тараған. Адамдарды түрлі аурудан емдеген қасиетті қара қобыз ұрпақтан ұрпаққа қалды. Бұрынғы Южный совхозында «Тілеп бидайығы» деген жер бар. Өзі көшіп жүргенде: «Астымдағы нарым қай жерге шөгеді, мені сонда жерлеңдер» - деген екен. Оның бейіті Жанкелдин ауданы А.Байтұрсынұлы округінің Шұқыркөлінен 12 шақырым жерде орналасқан», - дейді Жанкелдин ауданының ақсақалы Ибрагим Ағытаев.

Айта кетейік, қазір музыкалық академияда Тілеп Аспантайұлының атында қобызшылар квартеті, музыкалық академия ансамблі бар.




Жоғары қарай