Ауа райы
Астана -21 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

Қостанай облысында жыл соңына дейін өтетін маңызды шаралар

2019 жылдың 11 қараша 2019 15:37

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында бұқаралық іс-шаралар ендігіде азаматтардың әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталатын болады. Бұл тақырып облыс әкімдігінде өткен селекторлық жиында талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаевтің айтуынша, жыл сайын ауқымды мерекелер бір сарында ұйымдастырылып келеді. Алдағы уақытта мұндай шаралар азаматтардың әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталады.

«Түрлі сала үздіктерін марапаттаумен қатар, патриоттық маңызы бар жиындарды көбірек ұйымдастыру керек. Жаңа өндіріс нысандарын ашу, баспана тапсыру салтанаты, инфрақұрылымды жақсарту қатарлы шаралар көрініс табуы тиіс. Мысалы, 22 қарашада Заречный ауылында дәрігерлерге 20 пәтердің кілттерін тапсыру және облыстық жедел медициналық орталыққа заманауи құралдармен жабдықталған 5 реанимобиль беру шаралары өтеді. Федоров ауданының Таза-Шандақ елді мекенінде «Тұрар» ЖШС-мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қайта салынған амбулаториялық пунктің ашылу салтанаты ұйымдастырылмақ. Тұңғыш Президент күні қарсаңында Бейімбет Майлин ауданының Новоильинов, Жітіқара ауданының Забелов, Сарыкөл ауданының Златоуст және Арқалық қаласының Восточный елді мекендерінде су құбырларын іске қосу шаралары өткелі отыр. 5300-ден астам тұрғын таза тіршілік нәрімен қамтылады. Ал Денисов ауданының Некрасов ауылында 2 мың адамды көгілдір отынмен қамтитын газ құбыры іске қосылады», - деді облыс әкімінің орынбасары.

Тағы бір жаңалық – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында білім басқармасына қарасты 50 жатын орындық бейімдеу орталығы ашылғалы отыр. Онда қатарына ілесе алмаған балалардың дамуына және психологиялық-педагогикалық жағынан қолдау көрсетіледі. Бір ерекшелігі, ондағы тәжірибелі мамандармен қатар ата-аналарға да орталыққа жұмысқа орналасуына болады.

Ал биылғы Жастар жылының қорытынды жиыны Тұңғыш Президент күніне орай өткізілмекші. Онда барлық салада жетістікке жеткен облыс жастары шақырылып, өңірдің «Алтын кітабына» енгізілгендерді құрметтеу жоспарлануда. Қараша айының соңында жыл сайынғы «Триумф» жеңімпаздарына арналған салтанатты жиын өтеді. Оған халықаралық, республикалық олимпиадаларда және спорттық сайыстарда жеңімпаз болған 140 жүлдегер мен олардың тәлімгерлері шақырылмақ.

Жоғары қарай