Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Қостанай театрында камералық хор құрылды

2019 жылдың 9 мамыр 2019 18:47

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Бүгін І.Омаров атындағы Қостанай облыстық Қазақ драма театрында камералық хордың тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақ драма театрында «Жорықты жылдардың жігерлі жылдары» атты реквием жұртшылыққа жол тартты. Театрланған қойылым соғыс жылдарында тылдағы халықтың шеккен бейнетін, олардың жауды жеңуге қосқан үлесі жайында баяндайды. Майдандағы жауынгерлердің басынан өткен оқиғалар суреттеледі. Қойылым авторы - театрдың әдебиет бөлімінің жетекшісі, ақын Абылай Мауданов. Режиссері - Әлия Баймахан.


null

«Бұл күрделі жанрда қойып отырған алғашқы туындым. Мұны соғыс жылдары шейіт болған боздақтар рухына, тылда жан аямай еңбек еткен халықтың ерен еңбегіне жасалған тағзым десе де болады. Жеңіс мерекесі деген тек ұран салып, би билеп, тегін ботқа жейтін күн емес. Бұл - қасіретті күн. Халық соны ойлануы тиіс. Мерекеге жаңа көзқарас тұрғысынан қараған дұрыс. Сондықтан бұл қойылымда жалаң ұран, атыс-шабыс жоққа тән. Әртістер көркем образдарды сомдағанымен, қойылымда тарихи мәліметтер қамтылады. Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары 73 мыңнан астам қостанайлық майданға аттанған. Алайда, түрлі себептермен назардан тыс қалған қаһармандар да жетерлік. Солардың бірі - бір өзі екі айда 47 «гитлершінің» көзін жойған снайпер Сұлтан Еркімбаев. Ерлігі ескерусіз қалған тағы бір жаужүрек Қасым Ахметов. Ол Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған екен. Алайда, олар туралы мәліметтер 70 жыл өткен соң жарыққа шықты. Қойылым барысында бұл батырлар жайлы нақты ақпарат беріледі», - дейді Абылай Мауданов.


null

Расымен де, басты кейіпкерлер Мәкен, Қасым, Қаламқас, Қатира, Ақсары ана, Басқарма, Пошташы, Командир - жиынтық образдар.

«Соғыс жылдары Қостанай облысына көшіріліп әкелінген зауыт-фабрикалар, ұшақ жасатуға қаржы бөлген Қабаш Қозыбаев, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған Иван Павловтардың өшпес өнегесі қарапайым кейіпкерлер аузымен айтылады. Себебі, аталған ержүрек жерлестеріміз жайлы газеттерде жарияланып, кітаптарға енгенімен, есімдері бұған дейін театр сахнасынан естілмеген. Осы жағынан келгенде, бұл театрдың мерекелік тартуы ғана емес, тарихқа жасаған тағзымы», - дейді І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының бас режиссері Әлия Баймахан.


null


null

Бұл қойылым реквием жанрында сахналанды. Ұрыс даласындағы қанды қырғын, кескілескен шайқастар этюд, «елес-көрініс» түрінде беріледі. Тыл мен майдандағы оқиғалар алма-кезек ауысып, махаббат, достық сезімі мен соғыс хроникасы режиссерлік тәсілдермен жеткізілген.

Спектакльдің басты ерекшелігі - қаһарлы жылдары айтылған әндер жанды дауыспен шырқалады.


null

«Бүгін театр жанынан құрылған камералық хордың ресми тұсаукесерінің куәсі болдық. Бұл труппадағы әртістердің бәрі ән айтады. Айта кету керек, ұжымда хор ашуға дайындық өткен жылдың соңына таман басталған болатын. «Әнім сен едің» спектаклі соның алғашқы қадамы», - дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Камералық хор құрамына шығармашылық құрамның негізгі бөлігі тартылған. Әртістерді белгілі музыка маманы Салтанат Жақаева жаттықтыратын болады.

Жоғары қарай