Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Қостанайда полицейлер аязда жолда қалып қойған отбасына көмектесті

2019 жылдың 12 қараша 2019 13:50

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайлық полицейлер жолда көлігі сынып қалған отбасына көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

10 қараша күні Қостанай облысы полиция департаменті Патрульдік полиция қызметінің аға сержанты Қайрат Исмақов және Мамед Ерғали «Қостанай-Сұрған» тасжолын бақылап жүрген. Олар облыс орталығынан 180 шақырым жерде тұрған«Тайота-Камри» автокөлігін байқаған.

«Көлік ішінде жас сәби болды. Отбасы Қостанайдан Нұр-Сұлтан қаласына шыққан. Орта жолда көліктері сынып, жолда тұрып қалған. Сол күні қатты аяз түскен», - дейді Қайрат Исмақов.

Мұнан соң полицейлер көлікті жақын маңдағы Октябрьский ауылына сүйреп апарып, ТҚС көрсеткен. Бірнеше сағаттан соң көлік ретке келіп, елордалық отбасы жолға шықты. Полиция аға сержанты Мамед Ерғалидің айтуынша, бүгінде патрульдік полиция қызметінің барлық бригадасы алғашқы медициналық көмек көрсететін және техникалық құралдармен жабдықталған.

«Қыс түсіп, ауа райы бұзылған кезде жол бойындағы көліктерге көмекке келуге дайынбыз. Полицияның автомобилдерінде арнайы пломбалар, алжапқыштар және полиэтилен сүлгілері бар.Алыс жолға шыққанда құрал-саймандардың болуы міндет», - деп атап өтті Мамед Ерғали.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері 200-дей отбасы патрульдік полиция көмегіне жүгінген.

Жоғары қарай