Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

Қостанайдағы сауда орталықтарында тегін кітап сөрелері ашылды

2019 жылдың 6 маусым 2019 17:21

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «KitapAll» қоғамдық буккроссинг жобасы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Еркін Әбілдің айтуынша, аталмыш әлеуметтік жобаның басты мақсаты - қостанайлықтар арасында кітаптарды уақытша пайдалануға беру арқылы оқу мәдениетін дамытуға жәрдемдесу.

«Біз осы жоба арқылы қала тұрғындарының арасында кітап алмасуды және кітап оқуды насихаттағымыз келеді. Өкінішке қарай, қазіргі технологияның қарыштап дамыған уақытында кітап оқушылардың азайып бара жатқаны да жасырын емес. Ал, қай заманда болмасын кітаптың орны биік тұруға тиіс. Сондықтан, бүгінгідей шаралар қала тұрғындарының, әсіресе жастардың кітап оқуына мүмкіндік берері сөзсіз. Акцияға біздің оқу ордасының оқытушылары мен студенттері белсене атсалысты», -дейді ректор.

«Ruhani zhangyru» жобалық кеңсесінің басшысы Нұрбек Әбдібековтің сөзінше, аталмыш жобаны танымал ету үшін өңірге белгілі спортшылар, әртістер және блогерлер мен басқа да қоғамдық пікір көшбасшылары тартылады.

«Кітап сөрелері «Қостанай плаза» және «Март» сауда ойын-сауық орталықтары мен оқу ордаларында орналасқан. Орталықтарға келген кез келген адам кітап көрмесінен ұнатқан кітабын ала алады. Тіпті, өзі оқыған оқулығын көпшілікпен бөлісуіне де болады. Осылайша, тегін кітап сөрелерінің көмегімен біз қала тұрғындарының қарапайым іс жасауына, рухани жаңғыруына мүмкіндік бергіміз келеді», - дейді Н.Әбдібеков.

Жоғары қарай