Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 389.34
EUR 428.78
RUB 6.05
CNY 55.45

Қостанайдың бас полицейі автобустарды тексерді

2019 жылдың 11 қазан 2019 21:52

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Бекет Аймағамбетов Рудный қаласында жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорын өкілдерімен кездесіп, мәселелерін тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстың бас полицейі Рудный қаласына сапары барысында жергілікті полицияның фронт-кеңсесінде азаматтарды жеке қабылдап, «Қостанай автовокзалы» ірі автокәсіпорынына барды. Бұл кәсіпорында 200 жүргізуші жұмыс істейді. Олар тек облыс ішінде ғана емес, сонымен қатар одан тыс жерлерге де тасымалдайды. Кәсіпорын басшысы Ботагөз Бопатаеваның сөзінше,заңсыз тасымалдаушылар мен техникалық тексеру сапасына байланысты мәселелер шешімін таппай тұр.

«Бізде 200 автобус бар. Өткен жылы қоғамдық көлікті техникалық тексеру үшін сапалы жабдықтар сатып алынды. Бізде кез келген көлік техникалық байқаудан өте алады. Бірақ бүгіндері осындай қызметті ешқандай тексерістен өткізбей, «ватсап» арқылы сататындар пайда болды. Көптеген адамдар лицензия алады, автобустың қай жерге баратынын айтпағанда, қажетті жабдықтары жоқ. Бұл ретте техникалық байқаудан өткендігі туралы талон беріледі», - деді Б.Бопатаева.

Кәсіпорын басшысының бұл сөзін кездесуге келген жүргізушілер қолдады. Б.Аймағамбетов кәсіпорында жасалған жағдайларды қарап шығып, шын мәнінде мұнда көлікті тексеру шұңқырлары, арнайы жабдықтар бар екеніне көз жеткізді.

«Егер қоғамдық көліктер осындай техникалық байқаудан өтсе, көптеген мәселе шешілер еді. Мәселен, бүгін елімізде бірнеше ірі жол-көлік оқиғасы орын алды. Біз көліктік бақылау өкілдерімен бірлесе отырып, барлық жүргізушілер көліктің техникалық жағдайын сапалы тексеруден өту тетіктері туралы мәселені пысықтап жатырмыз», - деп атап өтті генерал.

Департамент басшысымен өткен кездесуде жүргізушілер тағы бір проблеманы көтерді. Бұл – заңсыз тасымалдаушылар. 46 жыл автобус тізгінінде келе жатқан Владимир Бублик тасымалдаумен айналысатын такси жүргізушілері, сондай-ақ автобус жүргізушілері жылына екі рет техникалық байқаудан өтуге міндетті екенін атап өтті. 6 қазанда Қостанайда такси көлігі жанып, жүргізуші зардап шекті. Көбінесе, таксилер ақшаны ойлап, қауіпсіздікті естен шығарады дейді ол.

«Біз такси жүргізушілердің автовокзалға кіріп, жолаушыларды жинайтынын көріп жүрміз. Қазірдің өзінде Қашар кентіне баратын автобусты тоқтаттық, өйткені пайда жоқ. Сонымен қатар біздің автобустарға үнемі техникалық бақылау жүргізіледі», - деді ол.

Бекет Аймағамбетовтің айтуынша, бұл мәселе бұрыннан бар.

«Мен Қостанай ауданында азаматтарды қабылдадым, сол жерде тасымалдаушылар маған шағымданып, наразылық білдірді. Жергілікті полиция қызметі аталған мәселелерді тексеру үшін рейдтер өткізуде», - деп атап өтті генерал.

Облыста «Автобус» жедел алдын алу іс-шараларының бірінші күні автобус жүргізушілерінің 97 рет тәртіп бұзған, оның ішінде көліктің техникалық жағдайына байланысты 6 заңбұзушылық тіркелген.




Жоғары қарай