Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Қостанайлық полицей адасып кеткен Нигерия азаматына көмектесті

2019 жылдың 11 наурыз 2019 21:28

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайлық полицей Бейбарыс Мұхаметқалиев адасып кеткен Нигерия азаматына көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматыда жұмыс істейтін Нигерия тұрғыны EkeStanleyOdnako Қостанайға қыдырып келген. Тек өз тілінде ғана сөйлей алатын ол облыс орталығында адасып қалған. Көмекке келген полиция қызметкерлері шетелдікпен тілдесе алмағандықтан, кезекті демалысында жүрген Бейбарыс Мұхаметқалиевке хабарласуды жөн санайды. Ол нигериялықтың мәселесін тыңдап, оны үйіне қондырып, келесі күні Алматыға шығарып салған.

«Полицияның кіші сержанты Бейбарыс әріптестері арасында полиглот ретінде танымал. Ол Рудный индустриялық институтын электр энергетикасы мамандығы бойынша бітірген. Студент шағында шет мемлекеттерге оқуға және тәжірибеден өтуге екі рет жіберілген. 2014 жылы «Эразмус» бағдарламасы бойынша Германияның Висмар қаласында төрт ай болып келіпті. Бұл - студенттер алмасу жөніндегі Еуропалық одақтың коммерциялық емес бағдарламасы. Ол кезге дейін Бейбарыс ағылшын тілін еркін білген. Студент интерұлттық топта өз мамандығының сыртында Халықаралық бизнес негіздері және іс жүргізу курсында оқиды»,- делінген полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

Германиялық оқытушылар қазақ баласының қабілетіне оң баға беріп, хат жазған. Алайда, Бейбарыстың арманы ішкі істер органдарында жұмыс істеу болды. Сондықтан институтты аяқтасымен, 2016 жылы Петропавл қаласындағы әскери-техникалық мектепке құжат тапсырады. Ол мақсаты жолында табандылық танытты. Спорттық қабілеті жағынан да оған теңесер ешкім жоқ-тын. Қоян-қолтық ұрыс жекпе-жегінен спорт шеберлігіне кандидат, кикбоксинг, аралас жекпе-жектен сан доданың жүлдегері. 2017 жылдың тамыз айынан жол-патрульдік полициясы батальонында тәжірибеден өте бастады. Кіші сержант, еңбек өтілі аз болса да, өзін сауатты қызметкер ретінде көрсете алды.




Айта кету керек, ол 2018 жылы Қостанайда адасып кеткен Сауд Аравиясының азаматына көмектесті. Шетелдік азамат қостанайлық жұбайына келген. Ерлі-зайыптылар кешкісін дәмханада тамақтануға барғысы келіп, келеңсіздік сол жерде басталыпты.

«Кезекшілік бөліміне Карбышев көшесіндегі кеңселік ғимараттардың бірінің күзетшісінен қоңырау келіп түседі. Ол жұмыстан тыс уақытта шетелдік азаматтың жүгінгенін айтқан. Бейтаныстың сөзіне түсінбей, "102" нөміріне хабарласуды жөн таныпты. Радиоэфир арқылы ағылшын тілін білетін қызметкер қажет екені туралы хабарлама тарады»,- деп еске алады полицей.

Сауд Арабиясы азаматымен тілге келген ол, шетелдіктің адасып кеткенін түсінген. Ол дәмхананы іздеп, ағылшын тіліндегі атауы бар бизнес-орталықты кездесер орын деп ойлапты. Бейбарыс мәселені оңай шешіп, шетелдікті тұрғылықты жеріне жеткізіп тастайды. Бейбарыстың пікірінше, қазіргі таңда тілдерді білу - кәсіби қажеттілік. Ол күнделікті қазақ және орыс тілдерінде сөйлейді. Ал ағылшын және неміс тілдерін бұрынғы әріптестерімен қарым-қатынас орнатып тұру үшін пайдаланады.




Нигерия тұрғыны көрсеткен көмегі үшін Бейбарысқа алғысын білдірді.

Жоғары қарай