Ауа райы
Астана -17 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 388.49
EUR 427.26
RUB 6.06
CNY 55.32

ҚПЛ: «Астана» мен «Қайрат» жеңіске жетті

2019 жылдың 15 қыркүйек 2019 21:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің алты қаласында футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 26-тур ойындары өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Павлодарда жергілікті «Ертіс» клубы «Таразды» 1:0 есебімен тізе бүктірді. Оны 12-минутта павлодарлық ойыншы Деян Георгиевич соқты.

Турнир кестесінде көш басында келе жатқан Қостанайдың «Тобылы» бүгін өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесін» 1:0 есебімен жеңді. Жеңіс голын 86-минутта қостанайлық шабуылшы Сенан Себаи өзінің еншісіне жазды.

Бұған дейін турнир кестесінде үздік үштікте келе жатқан Шымкенттің «Ордабасы» командасы өз алаңында ойламаған жерден Қызылорданың «Қайсар» командасына 0:2 есебімен жол берді. «Қайсар» сапынан шабуылшы Куле Мбомбо 23 және 31 минуттарда дубль жасады.

Алматының «Қайраты» бұл турда жақсы ойын өрнегін көрсетті. Бүгін өз алаңында Талдықорғанның «Жетісу» клубын қабылдаған олар бірінші кезеңде үш гол соғып үлгерді. Оны Адеринсола Эсеола 13, Ғафуржан Сүйімбаев 19, Мартон Эппель 31-минуттарда орындады. «Жетісу» сапынан 59-минутта Айбар Жақсылықов есеп айырмасын қысқартқан еді. Десе де, 80-минутта Адеринсола Эсеола тағы бір голдың авторы атанды. Осылайша «Қайрат» 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Соңғы төрт турда жеңілістен көз ашпаған «Атырау» бұл турда сырт алаңда «Ақтөбемен» кездесті. Ақтөбеліктер алғаш болып есеп ашты. Оны 23-минутта Абат Айымбетов соқты. Дегенмен оған «Атырау» сапынан Эдуард Сергиенко 38, Исламнур Абдулавов 45-минутта бір-бір голдан жауап қайырды. Ал 64-минутта таразы басы теңесті. «Ақтөбе» шабуылшысы Маркос Пиццелли мергендік танытты. Ойынның бітуіне сәл қалғанда «Ақтөбе» ойыншысы Асланбек Кәкімов жеңіс голын соқты. Нәтижесінде «Ақтөбе» 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Елордалық «Астана» өз алаңында Қарағандының «Шахтер» командасымен кездесті. «Шахтер» ойыншысы Доньет Шкодра 35-минутта есеп ашты. Елордалық клуб сапынан Марин Томасов 54-минутта таразы басын теңестірді. Ал 66-минутта қарағандылық Милош Видович өзінің қақпасына гол соғып алды. Ойында «Астана» 2:1 есебімен басым түсті.

Келесі 27-тур ойындары 22 қыркүйекте өткізіледі. Бұл турда «Жетісу» мен «Астана», «Ордабасы» мен «Ақтөбе», «Шахтер» мен «Тобыл», «Қайсар» мен «Қайрат», «Оқжетпес» пен «Ертіс», «Тараз» бен «Атырау» командалары кездеседі.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай