Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

ҚПЛ: «Қайрат» қатарынан үшінші мәрте жеңілді

2019 жылдың 12 мамыр 2019 21:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің 10-тур ойындары мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оныншы тур ойындары 11 және 12 мамыр күндері өткізілді. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қарағандының «Шахтері» Талдықорғанның «Жетісу» командасын 2:0 есебімен жеңді. Кеше өз алаңында «Тараз» елордалық «Астанадан» дәл осы есеппен басым түссе, Павлодарда дәл сол есеппен «Ордабасы» жергілікті «Ертісті» тізе бүктірді.

Бүгінгі Қызылордада жергілікті «Қайсар» Қостанайдың «Тобылын» 5:1 есебімен ойсырата жеңді. Алаң иелері бірінші кезеңде үш гол салды. Алдымен 8-минутта Тигран Барсегян қарсыластар қақпасынан саңылау тапты. Ал 38-минутта Куле Мвомбо, 44-минутта Асхат Тағыберген мергендік танытты. Екінші кезең бастала салысымен «Тобыл» сапынан Ники Квеквескири есеп айырмасын қысқартты. Дегенмен «Қайсар» кездесу соңына таман тағы екі гол соқты. Тигран Барсегян 85-минутта аталмыш кездесуде қақпаны екінші мәрте дәл көздесе, қызылордалық жас шабуылшы Шоқан Абзалов 90-минутта өзінің Премьер-лигадағы алғашқы голын салды. Осылайша «Қайсар» «Тобылды» 5:1 есебімен ойсырата жеңді.

«Ақтөбе» өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесінен» 0:2 есебімен жеңілді. Ақтөбеліктер қатарынан 32-минутта Жамбыл Көкеев өз қақпасына гол соғып алса, 54-минутта көкшетаулық Артем Дмитриев қорытынды есепті белгіледі.

Алматының «Қайраты» тағы да қарсыасына есе жіберді. Бұл жолы Нұр-Сұлтан қаласында «Атырауға» 1:2 есебімен жол берді. «Атырау» сапынан 34-минутта Дарко Бьедов есеп ашса, 36-минутта «Қайраттан» Адеринсола Эсеола таразы басын теңестірді. Қорытынды есеп 69-минутта атыраулық Ризван Аблитаров белгіледі. Осылайша «Қайрат» биылғы біріншілікте бесінші мәрте жеңілді. Сондай-ақ, қатарынан үшінші рет қарсыластарына есе жіберіп отыр.

Енді 11-тур ойындары 18 және 19 мамыр күндері өткізіледі. 18 мамырда «Оқжетпес» пен «Қайсар», «Жетісу» мен «Ақтөбе» кездессе, 19 мамырда «Тобыл» мен «Атырау», «Ордабасы» мен «Тараз», «Қайрат» пен «Ертіс», «Астана» мен «Шахтер» шеберлік байқасады.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай