Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

ҚР АШМ жұмыртқа өндіруді субсидиялау ережесінің өзгеруіне байланысты түсініктеме берді

2020 жылдың 20 ақпан 2020 11:19

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда азық-түлік жұмыртқасын өндіруді субсидиялау 2010 жылы басталған. Ол кезде отандық кәсіпорындар 3,3 млрд дана жұмыртқа өндіріп, ішкі нарықтың қажеттілігін тек 70 пайызға қамтамасыз ететін (мемлекет жылына 150 млн. жұмыртқаны импорттайтын). Отандық жұмыртқаның 64 пайызын агроқұрылымдар, қалғанын жеке шаруалар өндіретін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда тағамдық жұмыртқа өндірісін субсидиялау жұмыстары 10 жылға жуық жүргізіліп келді. Бұл ретте жұмыртқа бағытындағы құс фабрикалары «инвестициялық субсидия» (салынған инвестицияның 25%-ы), «несиенің және лизингтің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау», «соңғы нысандағы жұмыртқа бағытындағы асыл тұқымды тәуліктік төлді сатып алу» және «тағамдық жұмыртқа өндірісінің құнын арзандату» сияқты мемлекеттік қолдау түрлерімен қамтылды.

Мемлекет тарапынан берілетін субсидияның көмегімен 10 жыл ішінде құс фабрикаларының өндірісі 83%-ға артып, жылына 4,3 млрд жұмыртқаға жетті. Үкімет жұмыртқа өндірушілерді қолдау мақсатында 2010 жылдан бастап 2019 жылға дейін «құс өсірушілерге» субсидия түрінде 75 млрд теңгеге жуық қаржы бөлді.

Мемлекеттік қолдауға сүйене отырып, Қазақстанда құс шаруашылығы саласы қалпына келтіріліп, жаңғыртылды. Сондай-ақ, қолда бар құс фабрикаларының техникалары қайта жарақтандырылды. Олардың көпшілігі мемлекет тарапынан берілген жеңілдетілген несие және инвестициялық салымдарды субсидиялау арқылы жаңартылды.

Осылайша, Үкімет тарапынан бөлінетін субсидиялардың арқасында саланың жағдайы тұрақтанды. Бүгінде Қазақстанда құс шаруашылығы өнімдерінің жыл сайынғы өсімі байқалуда. Мемлекеттің көмегімен жұмыртқа өндірісіне бөлінетін субсидияның арқасында ішкі нарықтың қажеттілігі 120%-ға қамтамасыз етілді.

Жоғарыда аталған фактілер қазіргі уақытта жұмыртқа өндіруге бағытталған құс шаруашылығы саласы елдің азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп, оңтайлы жұмыс істеп тұрғанының айғағы. Енді бұл саланың ары қарай дамуы мемлекеттің қолдауымен емес, негізінен нарықтық жағдайда, табиғи жолмен жүруі тиіс. Құс фабрикалары өнімділігі жыл сайын артып келеді: 2018 жылы 670 млн. дана жұмыртқа экспортталса, 2019 жылы – 1,5 млрд. дана жұмыртқа өзге елге жіберілген.

Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 24 шілдедегі №18975//423 қаулысымен бекітілген «ҚР АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған мемлекеттік бағдарламасында аграрийлерді қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру үшін «өнім бірлігіне арналған субсидиялар» деп аталатын «тауарлы-ерекше субсидияларды» кезең-кезеңмен қысқарту көзделген. Мал шаруашылығындағы тауарлы-спецификалық субсидияларды қысқарту мемлекеттік бағдарламада 2020 жылдан бастап жоспарланған.

Бұл ретте, субсидия беруді тоқтату, «жұмыртқа шаруашылығына» мемлекет тарапынан енді мүлде көңіл бөлінбейді деп кесіп айту қателік. Құс фабрикалары үшін сыйақы мөлшері жеңілдетілген несие беру, сондай-ақ өндіріс қуатын көбейту үшін тартылған инвестициялық шығындарды субсидиялау шаралары жалғасады.

2019 жылғы желтоқсанда ҚР Үкіметі азық-түлік тауарларының импортын алмастырудың тиімділігіне жүргізілген талдауды ескере отырып, ҚР АШМ-нің аграрийлерге арналған субсидияларды қайта қарау жоспарын мақұлдаған болатын.

Қабылданған шешімге сәйкес ҚР АШМ өзін-өзі қамтамасыз ететін бірқатар салалар бойынша субсидияларды (өнім бірлігі үшін) алып тастауды жоспарлап отыр. Аталмыш саланың қатарына «жұмыртқа шаруашылығы» да енгізілді.

Саланы одан әрі дамыту өткізу нарығын кеңейтуге және терең өңдеуге көшу арқылы өндірісті әртараптандыруға бағытталуы тиіс. Жұмыртқаны қайта өңдеуді дамыту жұмыртқа ұнтағы, меланж, ақуыз және құрғақ ферменттелген сарыуыз, құрғақ жұмыртқа қоспалары және т. б. өндіруге мүмкіндік береді. Бұл отандық кондитерлік және тамақ өнеркәсібін сапалы және арзан өніммен қамтамасыз етуге бағытталу керек. Бұл бағытта мемлекет отандық жұмыртқа өндірушілерді қолдауға дайын.


Жоғары қарай