Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

ҚР Президенті Ауғанстанмен қарым-қатынас бойынша пікір білдірді

2020 жылдың 16 ақпан 2020 03:16

МЮНХЕН. ҚазАқпарат – Мюнхен қауіпсіздік конференциясында Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанмен қарым-қатынасқа байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азиядағы қазіргі жағдай» тақырыбындағы өткен панельдік пікірталас кезінде Халықаралық қатынастар кеңесінің президенті Ричард Хаас Орталық Азияның Ауғанстанға қатысты ұстанымы туралы сұрады.

Қазақстан Президенті Орталық Азия және Ауғанстан қарым-қатынас форматы аймақтағы тұрақтылыққа үлкен үлес қосатынын атап өтті.

Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның оқу орындарында білім алу үшін ауған студенттеріне жағдай жасалғанын еске салды.

Мұнымен қоса, Мемлекет басшысы Қазақстан үшін Ауғанстан жақсы серіктес екенін атап өтті.

Бұған дейін хабарланғандай, 15 ақпан күні Мюнхен қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Ашраф Ғанимен кездесті.

Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен оны нығайтудың перспективаларын талқылады. Сонымен қатар, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Еске сала кетейік, 14 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Мюнхен қаласына екі күндік жұмыс сапарымен келді.

Мюнхен қауіпсіздік конференциясында Президент көршілес елдермен өзара тиімді қарым-қатынас туралы айтты.

Айта кетейік, ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин Мюнхен конференциясында Орталық Азиядағы процестерге ерекше назар аударылғанын жеткізді.

Фото: Ақорда


Жоғары қарай