Ауа райы
Астана -21 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

ҚР Тұңғыш Президенті әлемнің 70 еліне 283 рет сапар жасаған

2019 жылдың 27 наурыз 2019 18:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық мүддемізді ескере отырып, көпвекторлы және бейбіт сыртқы саясат жүргізу жөніндегі бағытымызды нақты белгілеп берді. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбековтің «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген мақаласында айтылған.

«Егемендікке қол жеткізген Қазақстан халықаралық қатынастардың дербес субъек­тісіне айналды. Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық мүддемізді ескере отырып, көпвекторлы және бейбіт сыртқы саясат жүргізу жөніндегі бағытымызды нақты белгілеп берді. Оның негізі еліміздегі алғашқы құжаттардың бірі - 1992 жылы қабылданған «Қазақстанның егемен мемлекет ретіндегі қалыптасу және даму стратегиясында» қаланды.

Халықаралық қатынастарымызды жа­ңадан бастадық. Көп нәрсе Нұрсұлтан Назар­баевтың өзге мемлекеттердің, шетел­дік ірі компаниялар мен ұйымдардың бас­шы­­ларымен тікелей кездесулеріне және олар­мен өткізген келіссөздеріне байланыс­ты болды. Тек 1992 жылдың өзінде Тұңғыш Президент жұмыс сапарымен Швейцарияға, Үндістанға, Аустрияға, Пәкістанға, АҚШ-қа, Финляндияға, Түркияға, Германияға, Францияға барды. Мұндай жұмыс қарқыны кейінгі жылдарда да жалғасын тапты», - деді М.Қасымбеков.

Оның атап өтуінше, Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім Елбасының батыл қадамдарының бірі болды.

«1991 жылы 29 тамызда Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарихи құжатқа - «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды.

Осы маңызды шешім арқылы Тұңғыш Президентіміз жас мемлекеттің ұстаны­мы бейбітшілік екенін бүкіл халықаралық қоғам­дастыққа жария етті. Бұл қадам Қазақ­стан Республикасының белсенді жаһан­дық антиядролық қызметінің бастауы болды. Кейіннен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады.

КСРО-ның көптеген ядролық арсеналынан бас тартуы тағы бір маңызы зор ше­шімдердің бірі болды. Нұрсұлтан Назарбаев жаппай қырып-жоятын қарудың айтарлықтай мол қорына үміт артпай, ашықтыққа, бей­біт­сүйгіштікке, ақылға жүгініп, моральдық беделге сенім артты. Уақыт бұл ұстанымның тарихи тұрғыдан орынды болғанын дәлелдеді. Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының біріне айналды.

2016 жылғы 31 наурызда Вашингтонда өт­кен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV сам­­­­митте Қазақстан Республикасы Прези­денті­­­нің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жа­рия­­­лан­ды. Онда ұлттардың соғыстар мен қақ­­­ты­ғы­с­тар­ды болдырмау жөніндегі келі­сілген іс-қи­мыл­дары айқындалды. Манифест БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Ке­ңе­сі­нің рес­ми құжаты мәртебесіне ие болды.

Тұңғыш Президентіміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Азиядағы қауіпсіздік жүйесін құру үшін бірінші болып қадам жасады. 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында, яғни БҰҰ мінберінен алғаш рет сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Азияның ауқымды кеңіс­тігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұйым құруды ұсынды. Президенттің осы идея­­сы халықаралық қоғамдастық тарапынан кең қолдау тауып, кейіннен Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары кеңесі құрылды», - дейді ол.

Мақалада айтылғандай, Қазақстанның Тұңғыш Президенті көп­теген халықаралық интеграциялық бас­тамалардың авторы саналады. Нұрсұлтан Назарбаевтың белсенді атсалысуының арқа­сында жаппай дүрбелеңнің және Кеңес Ода­ғы­ның басқарусыз ыдырауының алдын алған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылд­ы.

«Ол содан кейінгі жылдары бірнеше рет ТМД-ны Еуропа Одағының үлгісімен тиімді құрылымға айналдыруға бағытталған бастамалар көтерді. Сондай-ақ Елбасы ұсынған Еуразиялық экономикалық одақ құру жобасын айрықша атап өткен жөн. Өңірлік ықпалдастықты нығайту үшін 2018 жылғы наурызда Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алғашқы кон­сультативтік жұмыс кездесуі өтті.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымы саммитінің 2010 жылы Астанада өтуі халықаралық деңгейдегі маңызд­ы оқиға әрі Қазақстанның сыртқы сая­сатындағы айтулы жетістік болды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету - Қазақстан үшін тарихи оқиға. Бұл еліміздің ірі халықаралық табысы саналды.

2016 жылғы 28 маусымда БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өткен дауыс беру рәсімі кезінде Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болып сайланды.

Еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы жаһандық бейбітшілік пен қауіп­сіздіктің маңызды проблемаларын шешу ісіндегі Қазақстан мен Елбасының белсенді рөлі халық­аралық қоғам­дас­тық тарапынан кеңінен мойын­далғанын көр­сетті. 2018 жылғы қаңтарда Қазақстан деле­гац­иясы өз тарихында алғаш рет басты орган - БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмы­сына жетекшілік етті. 2018 жылғы 18 қаң­тарда Нұрсұлтан Назарбаевтың төраға­лы­ғымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты жоғары деңгейде өткен тақырыптық бри­финг Қазақстанның негізгі іс-шарасы болды.

Сондай-ақ маңызы зор шаралардың қатарында еліміздің Сириядағы дағдарысты және басқа да жаһандық деңгейдегі қақты­ғыстарды, соның ішінде жуырда болған Түркия мен Ресей арасындағы шиеленісті реттеуге атсалысқанын айтқан жөн.

1991-2018 жылдар аралығында Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен екіжақты қарым-қатынастар аясында шетелге барған 283 сапарын қоса алғанда халықаралық деңгейде 611 іс-шара, 233 мемлекетаралық саммит және 95 халықаралық форум өтті», - дейді автор.

М.Қасымбеков келтірген мәліметтерге сәйкес, Елбасы екіжақты қатынастар аясында шетелдерге 283 рет сапар жасаған, оның 32-сі - мемлекеттік, 164-і - ресми, 87-сі - жұмыс сапарлары. Тұңғыш Президент екіжақты қарым-қатынастар аясында әлемнің 70 еліне сапармен барды.

Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан 233 мем­лекетаралық саммиттің 26-сы Қазақстан­да, 207-сі өзге елдерде өтті. 95 халық­­ара­­лық форум­ның 22-сі елімізде, 73-і өзге мем­лекет­тердің аумағында ұйымдастырылды.

Қазақстан БҰҰ-ға мүше болған сәттен бастап Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының негізгі мінберінен 8 рет сөз сөйледі.

Сонымен қатар Тұңғыш Президентіміз елі­мізде 255 мемлекеттің басшыларымен кез­десіп, шетелдердің 127 үкімет басшыларын қабылдады.

Жалпы, Қазақстан тарапынан осы жыл­дар ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­шылығымен еліміздің халықаралық аренада лайықты орын алуына мүмкіндік берген белсенді сыртқы саяси және бітімгершілік қызмет атқарылды.

Фото:Дамир Отеген

Жоғары қарай