Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 376.43
EUR 407.11
RUB 5.76
CNY 53.55

Құлаған зымыран сынығы: Ресеймен полигондарды пайдалану келісімі өзгеруі мүмкін

2020 жылдың 15 қаңтар 2020 12:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР ҚК Бас штабының бастығы Мұрат Бектанов Ақтөбе облысында зымыран сынығының құлауына байланысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде Қазақстан аумағында РФ тарапынан полигондарды пайдалану бойынша 1995 жылғы келісім бар. Комиссия тиісті жұмыстарды атқарды, шынымен де ол геофизикалық зымыран қалдықтары екені анықталды. Атап айтқанда, келісім әлі де 1995 жылғы. Сондықтан қазіргі кезде Қорғаныс министрлігі біздің аумақтар мен нысандар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты келісімге өзгерістер енгізу бойынша ұсыныс беруде», - деді М. Бектанов.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде комиссия өз жұмысын жалғастырып жатыр.

«Бұл тұрғыда комиссия тиісті пысықтау шараларын жүргізіп жатыр. Жұмыстар аяқталғаннан кейін ақпаратты жариялаймыз», - деді ведомство өкілі.

Сонымен қатар М. Бектанов осындай жағдайларда өтемақы беру туралы сауалға жауап берді.

«Келісімге сәйкес, өтемақы қарастырылған, яғни заң бұзушылық немесе шығын болса. Біздің комиссия бұл бағыттағы жұмыстарды атқарып жатыр, өтемақы туралы комиссиядан кейін белгілі болады. Оның жұмысы тағы 10 күндей жалғасуы мүмкін», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан мен Ресей арасындағы 1995 жылғы мемлекетаралық келісімге сәйкес, ҚР аумағындағы полигонды жалға алған РФ Қорғаныс министрлігі сынақ орталығының жоспарлы оқу-жаттығуы кезінде бір зымыран сынығы белгіленген орындардан тыс жерге құлады. Осы орайда ҚР Қорғаныс министрлігі тұрғындар үшін жағдай қауіпті еместігін нақтылады.

Айта кетейік, қазақстандық-ресейлік бірлескен комиссияның қазіргі мәліметіне сәйкес, Ақтөбе облысында табылған зымыран сынығы – атмосфераның жоғарғы қабатын зерттеуге бағытталған геофизикалық ракетаның қалдығы болып шықты.


Жоғары қарай