Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Күлтөбе-Ясы қазба жұмыстары: Ұлт тарихының жаңа парағына жол ашады

2019 жылдың 21 қазан 2019 11:46

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістандағы ежелгі Күлтөбе қалашығындағы археологиялық зерттеулер барысында бірқатар тың дүниелер табылды.

Зерттеліп жатқан нысан «Ясы» деген атпен де белгілі ежелгі Шауғар қаласының аумағында орналасқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, ескі Күлтөбе қалашығы 2010 жылдан бері археолог Е.Смағұловтың (1952-2019) бастамасымен зерттеуге алынып, мамандардың назарын өзіне аудара бастаған болатын. 2017 жылдан бері ондағы қазба жұмыстарын ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты жүргізіп келеді. Осы кезеңдерден бері Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының ең ауқымды әрі жүйелі жұмыстары тек 2019 жылы қолға алынып, оған «ERG Көмек» корпоративтік қоры қаржылай қолдау жасады.

Археологиялық зерттеулер барысында ежелгі Күлтөбе қаласының ең кем дегенде төрт тарихи дәуірмен түйісетіні белгілі болған. Соның ішінде қазіргі күні табылған мәдениет қабаттарының ең төменгісі б.з.д I-II ғасырларға тиесілі, яғни, бұл сармат-қаңлы кезеңіне жататынын айтуға болады.

Сонымен қатар, бүгінгі күні Күлтөбе қалашығында табылған бірегей материалдық мәдениет мұраларының көптеген үлгілерінен мамандар екі маңызды дүниені ерекше атап өтеді: өз дәуірінде қаланы қорғап тұрған ортағасырлық қамал қабырғаларының фрагменттері; және сол кезеңге тиесілі алты пешті керамика өндірісінің қалдықтары. Археологтар бұл үлгілердің XIII-XIV ғасырға тиесілі екенін айтады.

Бұдан бөлек, мамандар «қоныс» пен «қала» ұғымдарының аражігін ажыратып қарастырады. Бұл ретте тек бекініс қабырғалары бар елді мекендерді ғана қалаға жатқызып, бекінісі жоқтары қоныс ретінде қарастырылады.

Осыған байланысты Күлтөбеде қамал дуалдарының табылуы оның қала форматына жататынын айғақтап, өз кезегінде тиісті статусының, инфрақұрылым және тұтастай Қазақстанның мәдени-тарихи ландшафтындағы орны болғанын көрсетеді.

Бекініс дуалдарының фрагменті орталық адырдың оңтүстік-шығыс қапталында шығыс пен оңтүстіктің жергілікті учаскелерінен табылған. Дуалды тапқан археологтар ұзындығы 98 метр болатын қамал қабырғасының совет заманында толығымен бульдозермен тегістегенін, ал оның топырағын жергілікті тұрғындар шаруашылыққа пайдаланғанын сенімді түрде айтады. Бұл Күлтөбе қалашығы кешенінің сақталуына кері әсерін тигізген.

Шығыс учаскеде бұзылмай аман сақталған қабырға фрагменттері қам-кірпіштен (40х18х10 см) қаланған, ұзындығы 25 м, қалыңдығы 1,7-1,9 м, ал биіктігі 2,5 метрге дейін жетеді. Қамал қабырғаларының белгілі бір жерлері тікбұрышты болып қалыңдатылған, оны археологтар күзет мұнарасы деп есептейді.

Қабырғаларда сылақтың болмауы оның қалай қаланғанын да анықтауға септігін тигізеді, әрі бұл тұтастай Отырар шұратының ортағасырлық қала құрылысына тән екенін айғақтайды. Қамал қабырғасының мамандар моңғол дәуіріне дейінгі кезеңге жатқызатын төменгі жағында сылақ фрагменттерінің сақталып қалғаны да ерекше назар аудартады. Ал құрастыра қаланған қабаттар Ақорда хандығы кезеңіне тән.

«Қамал қабырғаларына және басқа да қорғаныс нысандарының түрлеріне тыйым салу XIII ғасырдың соңына дейін сақталған. Алайда, XIV ғасырдың басында өзара қырқысудың салдарынан хандық ыдырай бастағанда қалаларда қамал бекіністері қайта салына бастаған болатын. Бұл барлық орталық-азиялық қалаларға, соның ішінде Отырар, Күлтөбе-Ясыға да тән», - дейді «Күлтөбе-Ясы қалашығы» экспедициясының жетекшісі археолог Серік Ақылбек.

Күлтөбеде табылған археологиялық қазба-байлықтардың арасындағы ерекше назар аудартатыны XIII-XIV ғасырларға тән керамикалық шеберханалардың орны. Екі қатарға орналасқан алты пеш кәдімгі керамикалық цехтың қызметін атқарып, онда ас ішуге арналған ыдыстар, тәрелкелер, кеселер шығарылған.

Тарихи деректерге сәйкес, түркі дәуірінде керамика өнері әсіресе Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңірлерінде кеңінен тараған, онда су жүйелеріне арналған керамикалық бұйымдар дайындаудың орталық-азиялық дәстүрі көбірек әсер еткені байқалады. Ондай өркендеген қалалардың тұтастай орамдарында қыш құмырашылар, темір ұсталары мен зергерлері бар қолөнер шеберлері жұмыс істеген. Соның ішінде Ұлы даланың аумағынан тысқары жерлерге де әйгілі болған Отырар мен Тараз керамика мектебі өздерінің қайталанбас стилімен ерекшеленді.

«Жергілікті тұрғындарға қажеттінің бәрін шығарып, оларды қамтамасыз ету тұрғысынан алғанда Күлтөбе-Ясыны аса маңызды қолөнер орталықтарының бірі болды деп тұспалдау да орынды», - деп атап өтеді өнертану кандидаты Мәдина Сұлтанова.

Табылған археологиялық қазбаларды зерттей келе, Ясы аумағында су керамикасына маманданған ауқымды қыш-құмыра өндірісінің тек XVI ғасырда қалыптаса бастағанын айтуға болады. Мұнда әңгіме тек тарихи артефактілер - дәстүрлі ыдыстар төңірегінде ғана болып тұрған жоқ, сонымен қатар, кішкене мүсін түріндегі әртүрлі аң мен құстарды бейнелейтін, көкшіл-жасыл колоритте сақталған бірегей керамикалар тобы туралы да айтуға болады.

«Қазіргі күні Күлтөбе қалашығында ежелгі және ортағасырлық қызықты керамикалық құрал-саймандар, керек-жарақ бұйымдардың (негізінен суға арналған) жүздеген археологиялық үлгілері табылған. Біз осы үлгілерге мұқият ғылыми зерттеу жүргізу арқылы Ясыдағы керамикалық жоғары дәрежедегі көркем өндірістің өркендеген кезеңін одан да ерте кезеңге, 200-300 жыл бұрынға шегертуге болатынына сенімдіміз», - дейді мәдениеттанушы Жанерке Шайғозова.

Тоқтала кететін жайт, «ERG» қаржылық қолдауы Күлтебе қалашығында мақсатты түрде жүргізіліп жатқан археологиялық жұмыстардың негізгі аспектісіне айналуда. Бұл өз кезегінде сөзсіз ғылыми құндылықтармен қатар, Елбасының бастамасы бойынша қолға алынған ел Үкіметінің Түркістан облысы аумағын дамытуға қосқан айтарлықтай үлесін көрсетеді.

«2019 жылы қолға алынған «Күлтөбе-Ясы қалашығы» жобасы әсіресе жергілікті қауымдастық үшін айтарлықтай білім, мәдени және әлеуметтік әлеуетке ие болып отыр. Өйткені, қазірдің өзінде 180 жаңа жұмыс орны ашылып, өңірлік білім беру құрылымдарымен байланыстар жолға қойылған. Соның арқасында студенттер, магистранттар мен докторанттар өз мамандықтары бойынша нақты далалық тәжірибемен шыңдалуда. Ал келешекте біз осы жобадан Түркістанның экономикасы мен мәдениетіне өз үлесін қосатын айтарлықтай әрі орнықты нәтижелер күтеміз», дейді «Күлтөбе-Ясы қалашығы» жобасының жетекшісі, PhD Андрей Хазбулатов.

Күлтөбе-Ясы қалашығы күні бүгінге дейін елімізге белгісіз болып келген отандық тарих пен мәдениеттің жаңа парақтарын ашып қана қоймай, ұлттық мәдени кодымыздың және Қазақстан мен тұтастай Орталық Азия өңірінің аса маңызды киелі орынның бірі ретіндегі Түркістанның рухани құндылықтағы сабақтастығын да дәлелдей түседі.




Жоғары қарай