Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

Құмар Ақсақалов жұмысын ақсатқан аудан әкімдерін жазаға тартуды ұсынды

2019 жылдың 15 қазан 2019 12:14

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов өздеріне жүктелген міндеттерді сылбыр атқарған аудан әкімдерін жазаға тартуды ұсынды. Жарты жылдықтың қорытындысы бойынша үш аудан әкімі сөгіс алған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдің 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің қорытындылары талқыланған әкімдік отырысы өтті. Ауыл шаруашылығында өсім бар, мал өнімі 103,2% артқан. Бордақылау алаңдары және экспортқа бағытталған сүт фермалары салынып жатыр. Алайда қайта өңдеу саласына көңіл бөлген жөн. Облыстың кей аудандарында бұл жұмыстар ақсап жатыр.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бізде әзірше дұрыс дамымаған. Басым бөлігі шикізатқа кетеді», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Облысқа өткен тоғыз айда 152 млрд теңге инвестиция құйылды. Жыл соңына дейін жалпы 240 млрд теңге тарту көзделген, өсім 9 % болмақ.

«Жыл басында 9%-ке арттырамыз деген межеміз болды. Іс жүзінде одан да көп болуы қажет. Бір апта бұрын арнайы экономикалық аймақты құрдық. Ол өз нәтижесін беруі тиіс. Көпсалалы, әрі экспортқа жұмыс істейтіндерге көп жеңілдіктер қарастырылған. Қазірдің өзінде бизнес өкілдері тарапынан қызығушылық бар», - деді өңір басшысы.

Құрылыс саласында жұмыс керісінше сылбыр. Жыл басынан 57,9 млрд теңгенің жұмысы атқарылған. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 98,2% төмен. Кей аудандар көрсеткіштерді орындамай отыр.

«Ақша бөлінуде, нәтиже жоқ. Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша көрсеткіштерге қол жеткізбеген аудан әкімдері сөгіс алды. 9 ай бойынша да аппарат тиісті ұсыныстарды жасасын. Қайта жаза алса, «бұл лауазымына сәйкес емес» дегенді білдіреді. Бұл жағдайда қызметінен кету туралы арызды жазулары тиіс. Бұл басқармаларға да қатысты», - деді Құмар Ақсақалов.

Еске сала кетейік, 6 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді орындамаған Шал ақын, Жамбыл және Мамлют аудандарының әкімдері сөгіс алған болатын.

Жоғары қарай