Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

Қырғызстандық жүргізушілер 47 жол апатына себепкер болды - Жамбыл облысы

2019 жылдың 27 желтоқсан 2019 21:50

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері Жамбыл облысында көршілес Қырғыз Республикасы жүргізушілерінің кінәсінен 47 жол-көлік оқиғасы орын алып, 13 адам ажал құшқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жыл басынан бері Жамбыл облысы жолдарында жақын шет ел жүргізушілерінің кінәсінен 51 жол апаты тіркелген. Соның салдарынан 14 адам қаза тауып, 99 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Бұл оқиғалардың 92 пайызына Қырғыз Республикасының жүргізушілері жол берген. Атап айтсақ, олардың қатысуымен 47 жол апаты орын алып, салдарынан 13 адам қаза тапты. 96 адам түрлі жарақат алған.

Аталған өкінішті оқиғалар негізінен Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстан аумағындағы жол қозғалысы ережелерін елемеуінен орын алады.

«Осы үрдісті бұзу үшін желтоқсан айынан бастап «Борышкер» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Шара аясында Жамбыл облысы полиция департаментінің заңсыз көші-қонға қарсы күрес бойынша арнайы жеке ротасының қызметкерлері «Айша бибі» өткізу пунктінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға жол берген азаматтарды анықтауда. Оларға қатысты хаттама жасалып, шешім қабылдау үшін Жамбыл облысы Жамбыл аудандық сотына жіберілуде», - дейді Жамбыл облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Тұрдалиев.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде көршілес елдің жүргізушілері жасаған 12548 жол ережесін бұзу фактісі анықталып, 79,3 миллион теңгеден астам айыппұл салыныпты.

Көрші елдің кей азаматтары биылдың өзінде жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзған. Соған қарамастан шетелдік азаматтар айыппұлын төлемей, облыс аумағына уақытша ғана келіп-кетіп жүр.

«Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 384-бабы бойынша көші-қоннан бөлек, Қазақстан заңнамасын бірнеше рет бұзған шетел азаматын елден депортациялау түріндегі жауапкершілік көзделген. Бүгінгі таңда Жамбыл ауданының соты Қырғызстанның 4 азаматын елден шығару туралы шешім шығарды, сотта Қырғыз Республикасының тағы 2 тұрғынына қатысты материалдар қаралуда»,- деп атап өтті А. Тұрдалиев.

Жоғары қарай